Қалаға қазір қандай рейстер қатынайтынын, субсидияланатын билет қанша тұратынын және олардың санын көбейту жоспарланып отырған-отырмағанын айтты.
Еске салайық, Павлодар әуежайындағы жөндеу жұмыстарының аяқталуын тұрғындар бір жарым жыл күтті. Әуежай қайта жұмыс істей бастағанымен, жергілікті тұрғындардың айтуынша, көлік мәселесі шешілмеген: билет бағасы көпшіліктің қалтасына ауыр тиіп отыр.
"Әуежай жөндеуге жабылғанға дейін Алматыдан Павлодарға барып-қайту билеті шамамен 45–55 мың теңге тұратын. Қазір бағасы 108 мың теңгеге жуық. Айтпақшы, Алматыдан Оралға билет 126 мың теңге, бірақ ол жаққа дейінгі қашықтық та басқа", – деп қала тұрғындары редакцияға хабарлаған.
Павлодарлықтар билет бағасының неге соншалықты қымбат екенін және шағымды қайда жолдауға болатынын түсінбей отыр.
Азаматтық авиация комитеті не деп жауап берді?
Ведомство коммерциялық әуе бағыттарындағы бағаны авиакомпаниялар өздері белгілейтінін және бұл мәселе олардың құзыретіне жататынын атап өтті.
"Бағаны негізсіз көтеру белгілері болған жағдайда антимонополиялық заңнаманы бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мәселелері ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің құзыретіне жатады", – делінген редакция сауалына берілген жауапта.
Сондай-ақ Азаматтық авиация комитеті Павлодар – Астана бағыты бойынша әуе тасымалының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін аптасына төрт рет қатынайтын субсидияланатын әуе бағыты ұйымдастырылғанын хабарлады. Бір бағытқа билет құны – 15 000 теңге.
"Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар – Алматы – Павлодар бағыты бойынша күнделікті коммерциялық рейстер қайта жанданды", – деп еске салды комитет.
Қосымша рейстер ашыла ма?
Қазіргі уақытта мына рейстер орындалады:
-
Астана – Павлодар – Астана: Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы субсидиялау бағдарламасы аясында аптасына төрт рет ұшады;
-
Павлодар – Алматы – Павлодар: FlyArystan әуе компаниясының күнделікті коммерциялық рейстері бар.
"Рейстер жиілігін одан әрі арттыру және қосымша әуе тасымалдаушыларын тарту мәселесі жолаушылар ағынына, рейстердің нақты жүктемесіне, халықтың әуе тасымалына қажеттілігіне, әуе кемелерінің қолжетімділігіне және авиакомпаниялардың рейстерді орындауға мүдделілігіне қарай қарастырылады", – деп толықтырды Азаматтық авиация комитетінде.
Бұған дейін Қазақстанда әуе билеттері бір жылда 10,8%-ға қымбаттағаны хабарланған еді. Тек 2026 жылғы шілдеде әуе жолаушылар тасымалы қызметтерінің құны алдыңғы аймен салыстырғанда 3,2%-ға өскен.
Сарапшылар мұның себептері ретінде авиаотын бағасының қымбаттауын, ұшақтарға техникалық қызмет көрсету шығындарының және басқа да операциялық шығыстардың артуын атаған.
Сонымен қатар жолаушылар ағыны өсе берген. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық авиакомпаниялар 7,4 млн адам тасымалдаған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға көп.
