Сонымен қатар телекоммуникация саласына үш жылда 1,3 трлн теңгеден астам инвестиция салу көзделген.
Оның орнына 4G және 5G желілерін дамытуға басымдық беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, алдағы үш жылда телекоммуникация саласына салынатын инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асады. Ал биыл кемінде 500 млрд теңге инвестиция тарту күтіліп отыр.
Мәдиев телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытудың маңызына тоқталды. Оның сөзінше, бұл елдегі цифрлық трансформацияны жеделдетуге, цифрлық теңсіздікті азайтуға және азаматтардың цифрлық қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге қажет.
Соңғы екі жылда Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 73,6 Мбиттен 93,4 Мбитке дейін өскен. Ведомствоның болжамынша, биыл интернет-трафик көлемі 2024 жылғы көрсеткіштен екі еседен астам артады.
"Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында биыл жыл соңына дейін 3 704 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізу жоспарланған. Бұл – елдегі ауылдардың жалпы санының 61 пайызы. Келесі жылы тағы 1 863 ауылға оптикалық интернет тартылмақ. Осылайша, жалпы қамту деңгейі 92 пайызға жетеді. Қалған 8 пайыз ауылды спутниктік интернетке қосу көзделген.
Қазір елдегі ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет бар. Билік 3G базалық станцияларын 4G стандартына жаңартып, 5G желісінің қамту аумағын кеңейтіп жатыр.
"2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тарту жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Ел ауылдарының 92 пайызында мобильді интернет қолжетімді болады", – деді министр.
Бұдан бөлек, республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым автомобиль жолын мобильді байланыспен қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін 500-ден астам антенна-діңгек құрылысын салу жоспарланған.
