$ € ₽
фото
жаңалықтар

Цифрландыру, өндіріс, білім: Алматыда Жолдаудың басымдықтары талқыланды

Алматыда өткен бес кездесуде цифрландыру, отандық өндіріс, жалақыны көтеру, білім беру сапасы мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қарастырылды.
Фото Алматы әкімдігі

Қаладағы бес кездесуге өндіріс орындарының қызметкерлері, педагогтер, ақпараттық технологиялар саласының мамандары мен кәсіпкерлер қатысты.

Жиындарда 2026 жылғы 28 қазанда жарияланған "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдаудың негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, отандық өндірісті қолдау, қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру сапасын арттыру, цифрландыру, кәсіпкерлікті дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне назар аударылды.

Кездесулер барысында қатысушыларға Президент тапсырмаларының негізгі мазмұны түсіндіріліп қана қоймай, әр саланың алдында тұрған міндеттер мен оларды жүзеге асырудағы басымдықтар да айтылды. Сонымен қатар еңбек ұжымдары мен сала өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.

Цифрландыру және технологиялық әлеуетті дамыту

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Станислав Канкуров пен Нұржан Жақыпов, сондай-ақ "UvU International Ltd" IT компаниясының директоры Мадияр Төлеуғали ақпараттық технологиялар және білім беру саласының өкілдерімен кездесті.

Басқосуда цифрлық экономиканы дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және білікті мамандар даярлау мәселелері сөз болды. Қатысушылар қазіргі кезеңде технологиялық өзгерістерге бейімделудің және жаңа бағыттар бойынша кадрлар даярлаудың маңызын талқылады.

Президент Жолдауында Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру аясында елімізде екі суперкомпьютер іске қосылғаны айтылған. Ал үшінші суперкомпьютерді 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, "Әділет" партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту экономика мен қоғамды жаңғыртудың маңызды бағыттарына айналғанын атап өтті.

"Бүгінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту экономика мен қоғамды жаңғыртудың маңызды бағыттарына айналды. Жаңа технологияларды тиімді енгізу үшін білім сапасын арттыруға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және IT инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл ретте білім беру ұйымдары, технологиялық компаниялар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара байланысты нығайту маңызды", – деді ол.

Отандық өнеркәсіпті қолдау және өндірістік әлеуетті арттыру

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев пен "Әділет" партиясының өкілдері Алматы көпір құрылымдары зауытының еңбек ұжымымен де кездесті. Жиында отандық өнеркәсіпті дамыту, өндірістік қуатты арттыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқаны айтылғаны атап өтілді. Сонымен қатар инфрақұрылымды кешенді жаңғырту үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген.

Осы бағытта құрылыс материалдарын, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтарды отандық кәсіпорындарда өндіруге басымдық беру жоспарланып отыр. Бұл ретте өндірістік кәсіпорындардың әлеуетін пайдалану, олардың жұмысын дамыту және еңбек ұжымдарының жағдайын жақсарту мәселелері де назардан тыс қалмауы керек.

Мейіржан Отыншиев өнеркәсіптің дамуы қала экономикасының тұрақтылығына және жұмыспен қамтуға тікелей әсер ететінін айтты.

"Өнеркәсіптің дамуы – қала экономикасының тұрақтылығы мен жаңа жұмыс орындарын құрудың негізі. Отандық өндірісті қолдау және жұмысшыларға лайықты жағдай жасау – біздің басты бағытымыз. Кәсіпорындардың дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді тікелей еңбек ұжымдарымен талқылау өте маңызды", – деді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі.

Өндірісті дамыту және еңбек адамының мәртебесін арттыру

Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жұмыстары Жетісу ауданындағы "Асфальтобетон-1" зауытында да жалғасты. Мұнда "Әділет" партиясының өкілдері кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, өндірістік саланы қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту, жұмыспен қамту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағыттарын талқылады.

Жиында Жолдауда көзделген әлеуметтік бастамалардың бірі – ең төменгі жалақыны көтеру мәселесіне де тоқталды. Президент тапсырмасына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Бұл өзгеріс еліміздегі 1,8 миллион адамның табысын ұлғайтуға ықпал етпек.

"Әділет" партиясының өкілі Елдос Атамқұлов өндіріс орындарының экономикалық дамумен қатар, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде де маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

"Өндірістік кәсіпорындар қаланың экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Сондықтан өндірісті жаңғыртумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлу қажет. Экономикалық өсім ең алдымен тұрғындардың әл-ауқатының артуынан көрініс табуы тиіс", – деді ол.

Мұғалімдердің мәртебесі мен еңбек жағдайын жақсарту

Кездесулердің тағы бірі № 180 жалпы білім беретін мектепте өтті. "Әділет" партиясының өкілдері педагогикалық ұжыммен жүздесіп, білім беру саласына қатысты Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндірді.

Мұғалімдердің артық жүктемесін азайту, есеп беру жүйесін жеңілдету, педагогтердің құқықтары мен абырой-беделін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен бірге білім беру инфрақұрылымын дамыту және инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру бағыттары сөз болды.

Жолдауда келтірілген мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуды қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар. Бұдан бөлек, республика бойынша 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанының құрылысын бастау жоспарланып отыр.

"Әділет" партиясының өкілі Гүлжан Бекенова мұғалімдердің негізгі міндеті сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтті. Оның айтуынша, білім беру саласындағы өзгерістер педагогтердің күнделікті жұмысына түсетін артық салмақты азайтуға және кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға бағытталуы керек.

"Мемлекет басшысы Жолдауында мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге және олардың қызметіндегі артық жүктемені азайтуға ерекше назар аударды. Ұстаздың басты міндеті – балаға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан білім беру саласындағы кез келген өзгеріс педагогтердің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы тиіс. Сонымен қатар қоғамдағы беделін арттыру және кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау маңызды", – деді ол.

Өз кезегінде педагогтер білім беру саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, еңбек жағдайын жақсарту мен оқу үдерісін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев пен "Әділет" партиясының өкілдері Медеу ауданындағы "Orbis Auto" компаниясының еңбек ұжымымен де кездесті. Басқосуда Мемлекет басшысының Жолдауындағы әлеуметтік-экономикалық басымдықтар түсіндіріліп, кәсіпкерлікті дамыту, қалалық инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Жолдауда шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесіне қатысты деректер де айтылған. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен, ал негізгі капиталға салынған инвестициялардағы үлесі 70 пайызға жуықтаған.

Осыған байланысты Үкіметке орта бизнесті ұзақ мерзімді қаржыландыру мен технологиялық жаңғырту тетіктерін қамтитын арнайы даму жоспарын әзірлеу міндеті жүктелді.

Кездесу барысында кәсіпкерліктің дамуы, инвестиция тарту және өндірісті жаңғырту мәселелері қаланың тұрақты экономикалық өсуімен байланысты екені айтылды. Сонымен қатар еңбек ұжымдарының тәжірибесі мен ұсыныстарын ескеру қажеттігіне назар аударылды.

"Қаланың тұрақты дамуы экономикалық мүмкіндіктердің кеңеюімен, кәсіпкерліктің өркендеуімен және тұрғындардың әл-ауқатының артуымен тығыз байланысты. Қалалық инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын ашу және бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру барысында еңбек ұжымдарының тәжірибесі мен ұсыныстарын ескеру маңызды. Қабылданатын шешімдер қаланың нақты қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс", – деді Мейіржан Отыншиев.

Кездесулерде қандай мәселелер көтерілді?

Осылайша, Алматыда өткен бес кездесуде Президент Жолдауындағы әлеуметтік-экономикалық бағыттар әр саланың ерекшелігіне қарай талқыланды. IT және білім беру саласының өкілдері цифрландыру мен білікті мамандар даярлау мәселелерін көтерсе, өндіріс орындарының қызметкерлері отандық кәсіпорындарды қолдау, еңбек жағдайын жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағыттарына назар аударды. Ал педагогтер білім беру сапасы мен мұғалімдердің кәсіби жағдайына қатысты ұсыныстарын білдірді.

Жиындар барысында еңбек ұжымдары мен мамандардың ұсыныстары ортаға салынып, елдің стратегиялық даму міндеттерін жүзеге асырудағы ортақ жауапкершілік мәселесі қозғалды.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу

әрі қарай оқыңыз

Жаңалықтар →
келесі материалды жүктеудеміз