$ € ₽
фото
сараптама

Әкімнің 10 мың тапсырмасы: Шымкентте мәселелер қалай шешіліп жатыр?

Қала әкімдігінің мәліметінше, тапсырмалардың 90,4 пайызы орындалған. Qumash.kz тұрғындардың өтініштері қалай қаралатынын және олардың орындалуын бақылау тетіктерін зерттеді.
Фото Qumash/ ЖИ

Қаланы дамыту тек ірі құрылыс жобалары мен инвестициялық бағдарламалардан басталмайды. Кейде бәрі тұрғындардың ауладағы қарапайым әңгімесінен басталады. Бірі жолдың жөнделмегеніне шағымданса, енді бірі көшеге жарық орнатуды, ауызсу мәселесін шешуді немесе балалар алаңын абаттандыруды сұрайды. Мұндай кездесулер қала билігіне халықтың пікірін тікелей естіп, бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.

Алайда тұрғындармен кездесудің өтуі мәселенің міндетті түрде шешілетінін білдірмейді. Ең бастысы – кездесуден кейін нақты тапсырма беріліп, оған жауапты орындаушы мен мерзім белгіленіп, атқарылған жұмыс сол жерде тексерілуі керек.

Шымкентте осы бағытта бақылау жүйесі біртіндеп қалыптасып келеді. Qumash.kz редакциясы соңғы үш жылда қанша тапсырма берілгенін, олардың орындалуы қалай тексерілетінін және тұрғындар нәтижені қандай жолдармен бақылай алатынын білу үшін қала әкімінің аппаратына сауал жолдады.

Үш жылда 10 мыңнан астам тапсырма берілген

Қала әкімінің аппараты ұсынған мәліметке сәйкес, Ғабит Сыздықбеков 2024 жылы 4 344 тапсырма, 2025 жылы 3 118 тапсырма, ал 2026 жылы 2 779 тапсырма берген.

Осылайша, үш жылдағы тапсырмалардың жалпы саны 10 241-ге жеткен.

Тапсырмалар тізімі әкімнің тұрғындармен көшпелі кездесулері, кеңестері мен қала аумағын аралау кезінде көтерілген мәселелер негізінде жасақталады. Яғни оған тек тұрғындардың өтініштері ғана емес, жұмыс сапарлары мен қалалық қызмет басшыларымен кездесулер барысында анықталған мәселелер де енгізіледі.

фото
Фото Qumash

Әкімдік мәліметінше, 2024–2026 жылдары берілген тапсырмалардың 90,4 пайызы орындалған. Қалған 9,6 пайызы бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

2026 жылдан бастап тапсырмаларды тіркеу және олардың орындалуын бақылау үшін I-Protokol электрондық жүйесі қолданылады. Жауап дайындалған кезде бұл жүйеде әкімнің 742 тапсырмасы тіркелген.

Электрондық есепке көшу тапсырмалардың бірыңғай тізілімін жүргізіп, олардың орындалу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Дегенмен әкімдік жауабында тапсырмалардың мәртебесі мен мерзімдер бойынша қалай бөлінетіні, сондай-ақ олардың қаншасы кейінге шегерілгені нақтыланбаған.

Тапсырманың шынымен орындалғаны қалай тексеріледі?

Мұнда маңыздысы – тапсырма беру ғана емес, оның нақты нәтиже әкелгеніне көз жеткізу.

Әкім аппаратының мәліметінше, тапсырмалардың орындалуын Инспекторлық жұмыс бөлімі бақылайды. Бөлім қызметкерлері көшпелі тексерулер жүргізіп, соның ішінде тапсырма берілген нысандарға барады.

"Оқиға орнына барып, тапсырманың орындалғаны расталғаннан кейін ғана ол орындалды деп есептеледі", – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Мұндай тәсіл жауапты басқармалар ұсынған есеппен ғана шектелмей, жұмыстың нәтижесін тікелей сол жерде тексеруге мүмкіндік береді.

Мысалы, тапсырма көшеге жарық орнатуға қатысты болса, мамандар шамдардың орнатылғанын барып тексере алады. Ал абаттандыру немесе жол жөндеу мәселесі көтерілсе, жұмыстың сапасы мен нәтижесін нысан басында бағалауға болады.

Әкімдік редакция сауалына берген жауабында көшелерге асфальт төсеу және сыртқы жарықтандыру орнату жұмыстары толық аяқталғанын хабарлады. Сонымен қатар әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу және қала қажеттілігін ескере отырып, олардың санын көбейту мәселелері тұрақты бақылауда тұрғаны айтылды.

Шымкент тұрғындарын қандай мәселелер жиі алаңдатады?

Қала әкімдігінің жұмысын бағалауға тапсырмалардың орындалу көрсеткіштерімен қатар, тұрғындардың қандай мәселелер бойынша өтініш білдіретіні де көмектеседі.

Әкімдік мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен 30 көшпелі кездесу өткізген. Нәтижесінде 1 254 өтініш пен ұсыныс түскен.

Оның: 1072 өтініші орындалды және заң аясында түсіндірме берілсе, 182 өтініш бойынша жоспар әзірленіп, мәселені орындау жұмыстары атқарылуда.

Өтініштердің басым бөлігі инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымына қатысты болған. Атап айтқанда, электрмен жабдықтау, газ тарту, ауызсу, кәріз жүйесі, көшелерді жарықтандыру, жолдарға асфальт төсеу және қоғамдық көлік мәселелері бойынша 359 өтініш түскен.

Тағы 335 өтініш жер және тұрғын үй қатынастарына, 194-і аумақтарды абаттандыруға, 134-і денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет салаларына қатысты болған. Қалған 232 өтініш бейнебақылау, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік сияқты өзге де мәселелерді қамтыған.

Тұрғындардың барлық өтініші құрылыс немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап ете бермейтінін де ескерген жөн. Кей жағдайда азаматтарға белгілі бір мәселе бойынша кеңес, қолданыстағы ережелерді түсіндіру немесе құжаттарды рәсімдеуге көмек қажет болады. Сондықтан мамандардың түсіндірме беруі де өтінішті қарау нәтижелерінің бірі саналады. Дегенмен бұл әрдайым бастапқы мәселенің толық шешілгенін білдірмейді.

Жолдан бастап балалар алаңына дейін: тұрғындар қандай мәселелер көтереді?

Тұрғындарды алаңдататын мәселелер туралы бұған дейін OTYRAR басылымы да жазған. Басылым журналистері қаладағы бес ауданда әкімнің халықпен кездесулері кезінде түскен 843 өтінішті зерттеген.

Олардың ішінде арықтар, нөсер суын ағызу жүйесі, су басу және кәріз мәселелері жиі көтерілген. Бұдан бөлек, тұрғындар құжат рәсімдеу, жер қатынастары, балалар және спорт алаңдары, жолдар, тротуарлар мен тұрғын үй мәселелері бойынша өтініш білдірген.

фото
Фото Qumash

Өтініштердің бір бөлігі мемлекеттік органдардың шешімдері мен түрлі қызметтерді алу тәртібін түсіндіруге қатысты болған.

Бұл қала тұрғындарының сұранысы әртүрлі екенін көрсетеді. Бір шағынауданда жол жөндеу өзекті болса, екіншісінде ауызсу мәселесін шешу немесе қоғамдық кеңістікті абаттандыру маңызды болуы мүмкін. Сондықтан тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеу кезінде жалпы қалалық бағдарламалармен қатар, әр ауданның жеке қажеттіліктерін де ескеру қажет.

Тұрғындар билікке қандай жолдармен жүгіне алады?

Шымкентте тұрғындармен көшпелі кездесулер мен жеке қабылдаулардан бөлек, қала әкімдігімен байланыс орнатудың цифрлық тәсілдері де дамып келеді.

Солардың бірі – Komek 109 қосымшасы. Бірыңғай байланыс орталығы тұрғындардың өтініштерін 2020 жылдан бері қабылдайды, ал мобильді қосымша 2024 жылы іске қосылған.

Оның көмегімен қала тұрғындары коммуналдық қызметтер, жолдар, абаттандыру, жарықтандыру, қоғамдық көлік және қалалық инфрақұрылымның басқа да бағыттары бойынша мәселелерді хабарлай алады.

Өтінішке фото немесе видео тіркеп, нақты мекенжайды көрсетуге не картадан мәселе туындаған орынды белгілеуге болады. Бұл әкімдік қызметкерлеріне мәселенің қай жерде болғанын жылдам анықтауға көмектеседі.

Осылайша, тұрғындар мәселені жеткізудің бірнеше жолын пайдалана алады: әкіммен кездесуге қатысу, байланыс орталығына хабарласу, мобильді қосымшаны қолдану немесе QR-код арқылы ұсыныс жолдау.

Тапсырма уақытында орындалмаса, не болады?

Берілген тапсырмалардың орындалуы нақты мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне жүктеледі.

Әкім аппаратының мәліметінше, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің басшылары өздеріне жүктелген міндеттердің орындалуына жауап береді. Егер тапсырма белгіленген мерзімде орындалмаса, аудан әкімдері мен салалық басқармалардың басшылары заңнамаға сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Ал 2024–2026 жылдары жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалардың саны туралы сұраққа әкімдік мұндай шараларды қолдану қажеттілігі болмағанын хабарлаған. Ведомство бұған тапсырмалардың 90,4 пайызы орындалғанын негіз еткен.

Әкімдік жауабында тапсырмалардың орындалуын бақылау үшін Shymkent Smart Akimat жүйесі қолданылмайтыны да айтылған. 2026 жылдан бастап ішкі есеп I-Protokol жүйесі арқылы жүргізіледі.

Бақылау жүйесі қаншалықты ашық?

Қала билігі мен тұрғындар арасындағы байланыстың маңызды бөлігі – азаматтардың өз өтінішінің қаралу барысы туралы ақпаратты өз бетінше ала алуы.

Әкімдік мәліметінше, тапсырмалардың ішкі электрондық тізілімі I-Protokol жүйесінде жүргізіледі. Алайда ведомствоның жауабында тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне тапсырмалардың толық тізімімен танысу мүмкіндігі қарастырылмаған.

Сонымен бірге әкімнің халықпен көшпелі кездесулері кезінде түскен өтініштер мен олардың орындалу барысы туралы ақпарат қала әкімдігінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.

Кездесулер туралы ашық есептер, өтініштердің қаралуы жөніндегі мәліметтер мен цифрлық сервистер тұрғындардың қандай мәселелер көтеріп жатқанын және қалалық қызметтердің оларға қалай жауап беретінін бақылауға мүмкіндік береді.

Тапсырмадан қала өміріндегі нақты өзгеріске дейін

Әкім тапсырмаларының орындалуын бақылау – жай ғана әкімшілік рәсім емес. Әр тапсырманың артында қала тұрғыны үшін маңызды нақты мәселе тұр. Балалардың мектепке қауіпсіз жетуі, кешкі уақытта көшенің жарық болуы, жаңбырдан кейін ауланы су баспауы немесе қоғамдық көлікпен қажетті ауданға қатынау мүмкіндігі – мұның бәрі күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді.

Сондықтан мұндай жүйенің тиімділігі тек орындалған тапсырмалар санымен емес, олардың қала тұрғындарының күнделікті өмірінде қаншалықты нақты өзгеріс әкелгенімен бағалануы керек.

Шымкентте бұл үшін көшпелі тексерулер, тапсырмаларды электрондық есепке алу, халықпен кездесулер және цифрлық кері байланыс арналары қолданылады. Соңғы үш жылда әкімдік тапсырмалардың

90,4%орындалғанын хабарлады

Қалған міндеттер бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Алдағы уақытта жүйенің тиімділігін арттыру үшін есептіліктің ашық болуы, тұрғындарға уақтылы кері байланыс беру және олардың өтінішінен кейін қандай өзгеріс болғанын көру мүмкіндігі маңызды.

Түптеп келгенде, осының бәрі қала билігімен кездесуді жай ғана ресми шара емес, тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешуге көмектесетін нақты тетікке айналдыра алады.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу

әрі қарай оқыңыз

Жаңалықтар →
келесі материалды жүктеудеміз