Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде халықаралық құқықтық кездесу өтті.
"Мемлекеттілікті нығайту мен қоғамды дамытудағы конституциялық заңдылықтың рөлі" тақырыбындағы ашық дәріске төрт елдің конституциялық соттарының өкілдері, дипломаттар, университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Халықаралық делегация құрамында Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, Венгрия Конституциялық Сотының судьясы Акош Козьма, Әзербайжан Конституциялық Сотының судьясы Рауф Кулиев, Тәжікстан Конституциялық Сотының судьялары Джурабек Кодирзода мен Мұхаммадджон Сохибзода болды. Сондай-ақ Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ференц Цомбош қатысты.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен университеттің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген де қатысты.
Конституция үстемдігі – құқықтық мемлекеттің негізі
Кездесудің ашылуында сөз сөйлеген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек конституциялық заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және құқықтық мемлекетті нығайту бағытындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Негізгі баяндамашылардың бірі Бақыт Нұрмұханов конституциялық заңдылықтың мемлекеттілікті нығайтудағы рөліне тоқталды. Ол Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндірді.
Ал Венгрия Конституциялық Сотының судьясы Акош Козьма мен Әзербайжан Конституциялық Сотының судьясы Рауф Кулиев өз елдеріндегі конституциялық сот төрелігінің тәжірибесімен бөлісті.
Баяндамаларда конституциялық соттардың мемлекеттік-құқықтық жүйедегі орны, Конституция талаптарының орындалуы және құқықтық институттардың қоғам дамуындағы маңызы сөз болды. Төрт елдің өкілдері қатысқан кездесу әр мемлекеттің құқықтық жүйесіндегі тәжірибені салыстырып, ортақ мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Университетте заңгерлер даярлау мәселесі де қозғалды
Университет ректоры Мұхтар Төлеген Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған кездесудің маңызын атап өтті. Ол Конституцияның мемлекеттілікті нығайтудағы және азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөліне тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған "Заң мен тәртіп" қағидатының құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы мәнін жеткізді.
Басқосу барысында университетке ұлттық мәртебе берілуіне байланысты заң ғылымын дамыту және құқықтық мәдениеті жоғары мамандар даярлау мәселелері де талқыланды.
Сонымен қатар Шымкент пен Венгрияның Дебрецен қаласы арасындағы бауырластық байланысты дамыту, Дебрецен университетімен академиялық әріптестікті нығайту перспективалары сөз болды. Бұл бағыттағы ынтымақтастық білім беру саласындағы халықаралық байланысты кеңейту мүмкіндіктерінің бірі ретінде қарастырылды.
Студенттер судьяларға сұрақ қойды
Ашық дәрістің жалғасында заң факультетінің студенттері мен оқытушылары халықаралық делегация мүшелерімен тікелей пікір алмасты. Олар конституциялық соттардың қызметі, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері және халықаралық құқықтық тәжірибе туралы сұрақтарын қойды.
Кездесу барысында студенттер теориялық білімдерін тәжірибелік мысалдармен толықтыруға мүмкіндік алды. Ал шетелдік және қазақстандық судьялардың баяндамалары болашақ заңгерлерге әр елдің конституциялық сот төрелігі жүйесінің ерекшеліктерімен танысуға жол ашты.
Осылайша, Шымкентте өткен халықаралық дәріс құқықтық тәжірибе алмасу алаңына айналды. Кездесуде конституциялық заңдылық, азаматтардың құқықтарын қорғау, заң ғылымын дамыту және халықаралық академиялық байланыстарды нығайту мәселелері бір арнада талқыланды.




