Оқиға елорда әуежайында болған. Петропавл қаласының тұрғыны әуе компаниясының қызметкері рейске тіркелу кезінде қойған сұрағына сәтсіз әзілмен жауап берген.
Қызметкер багажда тыйым салынған заттардың бар-жоғын сұрағанда, ол: "Қару бар", – деген.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, бұл сөзімен ол айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған.
"Сот азаматшаның әрекетін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі – "Ұсақ бұзақылық" бойынша саралады", – деп хабарлады сотта.
Істі қарау кезінде құқық бұзушылықтың сипаты мен оны жасау мән-жайлары ескерілген. Сондай-ақ қыздың бұл әрекетті алғаш рет жасағаны және жасы құқық бұзушылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде бағаланған.
Нәтижесінде оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұған дейін не болған?
2026 жылғы қыркүйекте Алматы–Ақтау рейсінің жолаушысын ұшақтан түсіріп, әуе кемесі мен қол жүгін қайта тексерген. Бұған ер адамның бортсеріктен қол жүгінде қорғасын немесе бомба бар-жоғын әзілдеп сұрауы себеп болған.
Полиция мұндай сөздер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді. Бұған қоса, мұндай әзілдер құқық бұзушының өзіне де, айналасындағы адамдарға да кері әсер етуі ықтимал.
