Оқиға 19 қарашада Ақмола облысындағы Астана – Көкшетау теміржол учаскесінде, Шортанды және Дамса ауылдарының арасында болған.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Qumash.kz редакциясының ресми сауалына жауап берді. Компанияның мәліметінше, оқиға Шортанды – Тоңкеріс аралығындағы теміржол учаскесінде болған.
"Жүк пойызының машинисі теміржол жолында адамның отырғанын байқап, сағатына 64 шақырым жылдамдықпен келе жатқан пойызды шұғыл тежеген. Қабылданған шараларға қарамастан, адамды қағып кетудің алдын алу мүмкін болмады. Жүк пойызының салмағы төрт мың тоннадан асқан", – деп хабарлады ҚТЖ.
Оқиғадан кейін пойыз екі сағаттан астам уақытқа кідірген. Ақпарат Астана станциясындағы желілік полиция бөліміне берілді. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Ер адамның теміржолға не себепті шыққаны әзірге белгісіз.
ҚТЖ өкілдері қазақстандықтарды пойыз жүретін аймақта жүрмеуге және теміржолды тек арнайы белгіленген жерлерден кесіп өтуге шақырды.
