Әке сенімі, перзенттік парыз, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық өнерге адалдық. Шымкенттегі "Қызғалдақ" сарайында өткен "Әке үміті" атты шығармашылық кештің негізгі өзегі осы құндылықтарға арналды. Айтыскер ақын, сазгер, Мәдениет саласының үздігі Нұрлан Есенқұловтың 40 жасқа толуына орай ұйымдастырылған мерейтойлық кеште өнер иесінің шығармашылық жолы кеңінен таныстырылып, ән мен жыр, әзіл мен айтыс бір сахнада тоғысты.
Ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында өткен мәдени басқосу ұлттық өнерді дәріптеп, руханиятқа үлес қосып жүрген азаматтардың шығармашылығына назар аударуды мақсат етті. Кеш барысында көрермен ақынның айтыстағы жолымен, сазгерлік қырымен және жүрекке жететін туындыларымен қайта қауышты.
Нұрлан Есенқұлов – тәуелсіздік жылдарында айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ақындардың бірі. Суырыпсалмалық қабілетімен қатар сазгерлік өнерді де қатар алып жүрген ол республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарып, әсіресе қыз бен жігіт айтысының шебері ретінде танылды. Шығармаларында туған жерге тағзым, ата-анаға құрмет, адамгершілік, махаббат пен елдік мұрат тақырыптары жиі көрініс табады.
Өнер иесі шығармашылығын сахнамен ғана шектемей, жастармен кездесіп, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді насихаттауға да үлес қосып келеді. Сондықтан бұл кеш оның жеке мерейтойынан бөлек, көрерменге ақынның осы уақытқа дейінгі шығармашылық ізденісі мен өнердегі бағыт-бағдарын таныстыратын ерекше кездесу болды.
Әнмен өрілген өмір жолы
Мерейтойлық кештің шымылдығы Нұрлан Есенқұловтың арнауымен ашылды. Сахнаға көтерілген ақын көрерменге өз жүрегінен шыққан туындыларын ұсынды. Оның ішінде сөзі мен әнін өзі жазған "Қайтесің?", "Әке", "Анама", "Арыстың теміржолы" шығармалары бар. Сондай-ақ Қанат Тасқанмен бірге "Жар іздеп жүрмін" әнін орындады.
Әсіресе, әке мен анаға арналған әндер кештің мазмұнын тереңдете түсті. Бұл туындыларда автордың жеке сезімі мен өмірлік толғаныстары ғана емес, әр адамға таныс сағыныш, ата-анаға деген құрмет және перзенттік парыз тақырыптары көрініс тапты. Көрермен үшін де мұндай әндер жақын жандарға деген ықыласты еске салып, кештің әсерін күшейте түскені анық.
Ақынның сазгерлік қырын танытатын әндер басқа орындаушылардың репертуарында да шырқалды. Заттыбек Көпбосынов "Қайда жүр?", Наркенже Серікбаева "Ақ келін", Әділет Жауғашар "40 жас", Бекзат Сәкенұлы "Айнұрым", Айнұр Әбілда "Ақжүрек жаннан айналдым", Ғабит Шырынбеков "Сырға" әндерін орындады.
Сонымен қатар айтыскер ақындар Карима Оралова, Анар Жаппарқұл, Нұрмұхан Жақыпбек пен Мейіржан Жақып та әннен шашу шашты. Осылайша, бір автордың туындылары әртүрлі орындаушылардың орындауында жаңаша сипат алып, Нұрлан Есенқұловтың тек айтыскер емес, ән жазатын сазгер ретіндегі қырын да көрсетті.
Айтыс пен поэзия бір сахнада тоғысты
Кештің тағы бір ерекшелігі – айтыс өнеріне арнайы орын берілуі. Сахна төріне айтыскер ақындар Жұлдыз Қожабекова, Мөлдір Айтбаева және Алтынгүл Қасымбекова көтеріліп, мерейтой иесімен сөз қағыстырды. Әзіл мен жарасымды қалжыңға құрылған айтыста суырыпсалмалықтың ұшқырлығы мен ақындардың тапқырлығы көрініс тапты.
Ал Жастар театрының актерлері Нұрлан Есенқұловтың поэзиясынан сахналық композиция дайындады. Олар ақын өлеңдеріндегі ой мен сезімді, көркемдік ерекшеліктерді сахналық қойылым арқылы жеткізді. Бұл көрерменге таныс туындыларды өзгеше қырынан қабылдауға мүмкіндік берді.
Аманжол Әлтайдан ақжарма тілек
Мерейтой иесін құттықтау үшін Астанадан Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, "Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы" қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтай арнайы келді. Ол сахна төрінде сөз сөйлеп, айтыстың қазақ руханиятындағы орнын атап өтті. Сондай-ақ Нұрлан Есенқұловтың ұлттық өнерге қосып жүрген үлесіне тоқталып, 40 жас мерейтойымен құттықтады.
"Қазақтың өнерімен біте қайнасып, бірге мұңын шертіп, бірге қуанып, ұлттың ұлы жүрегін дүрсілдетіп келе жатқан қасиетті өнеріміз – айтыс өнері. Осы айтыс өнерінің тәуелсіздіктің тарлан жылдарында туын көтеріп, көшін бастаған талантты өкілдерінің бірі – менің туған інім Нұрлан. Ол – қазақтың төл өнерінің бүкіл қасиетін бойына сіңірген ақын. Қазақта "Сегіз қырлы, бір сырлы" деген сөз бар ғой. Сол сегіз қырлы, бір сырлы азамат кім десе, мен Нұрланды көрсетер едім. Өнері асқан, сәні мен сазы жарасқан еліміздің ерке перзенті бүгін сіздердің алдарыңызда халыққа есеп беруге шығып тұр. Ендеше, мерейтойың құтты болсын! Еліңнің ыстық ықыласына бөленіп жүре бер", – деді Аманжол Әлтай.
Ол ақынға шапан жауып, алдағы шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
"Бұл – әкемнің маған артқан үміті"
Кеш иесі де көрермен алдында сөз сөйлеп, бүгінгі жетістігінің бастауында әкесінің сенімі мен ақ батасы тұрғанын ерекше ықыласпен жеткізді. Оның айтуынша, өнер жолындағы алғашқы қадамдарына бағыт-бағдар беріп, бойына тәлім-тәрбие сіңірген жандардың бірі – әкесі. Сондықтан "Әке үміті" атауы ақын үшін жай ғана мерейтойлық кештің тақырыбы емес, өміріндегі маңызды құндылықтарды білдіреді.
Нұрлан Есенқұлов бұл басқосуды жеке жетістіктерін көрсету мүмкіндігі ретінде ғана емес, өзіне сенім артқан жақындарына, ұстаздарына және өнерін бағалаған көрерменге алғыс білдіретін сәт деп қабылдайтынын айтты.
"Осы күнге жеткізген әуелі Алла. Одан кейінгі еңбек пен төгілген тер – әкемдікі. Бұл – әкемнің маған артқан үміті, бала күннен бойыма сіңірген тәрбиесі мен берген бағытының жемісі. Бүгінгі жетістігіме қарап, сол кісінің үкілеген үмітін ақтай алдым ба деп ойланамын. Сондықтан бұл кешті тек өзімнің мерейтойым деп қабылдамаймын. Мұны маған сенім артқан әкеме, тілеулес болған отбасыма, өнер жолында қолдау көрсеткен ұстаздарыма және әрдайым қошеметін аямаған халқыма арналған алғыс кеші деп білемін", – деді ақын.
Осы сөздер кештің атауына да ерекше мағына берді. Өйткені сахнада орындалған әндер мен оқылған жырлардың астарында тек шығармашылық жетістік емес, ата-ана алдындағы құрмет, отбасының қолдауы және сол сенімді ақтауға деген ұмтылыс жатты.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы тұсында ұлттық өнерді ұлықтап, оны кейінгі буынға жеткізудің маңызы арта түседі. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрлан Есенқұловтың шығармашылық жолы – айтыс пен сазгерлікті қатар алып, төл өнерге адал қызмет етіп келе жатқан еңбектің көрінісі. Ол айтыс арқылы елдің сөзін сөйлеп, ән арқылы тыңдарманның жүрегіне жол табуға тырысып келеді.
"Әке үміті" атты мерейтойлық кеш те осы құндылықтарды бір арнаға тоғыстырды. Ән мен жыр, айтыс пен сахналық композиция арқылы ақынның сан қырлы шығармашылығы таныстырылып, көрерменге мазмұнды рухани кеш ұсынылды. Ал кештің басты идеясы – әке сенімінен басталған өнер жолының халық ықыласымен жалғасып келе жатқаны болды.




