"Димаш: Ұлы қазақ даласынан Мексика жүрегіне дейін" деп аталатын фотокөрме өнер иесінің шығармашылық жолы мен қазақ мәдениетін насихаттауға қосқан үлесіне арналған.
Экспозицияға әншінің мансабындағы маңызды сәттерді бейнелейтін фотосуреттер қойылған.
Көрменің ашылуына кімдер қатысты?
Құрметті қонақтардың қатарында Димаштың анасы, әнші Светлана Айтбаева және Қазақстанның Мексикадағы консулы Данияр Қаратаев болды.
Светлана Айтбаева мексикалық Dears фан-клубының мүшелеріне көрмені ұйымдастыруға жұмсаған еңбегі үшін алғыс айтты. Ол жанкүйерлердің Димаш шығармашылығына ерекше ықыласпен әрі сүйіспеншілікпен қарайтынын атап өтті. Сондай-ақ көрме экспозициясы мен музейдің тарихы және атмосферасы өзіне ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.
"Мексика біздің отбасымыздың жүрегінде ерекше орын алады. Бұл елге әр келген сайын жылы эмоцияға бөленеміз. Ал алыста жүргенде Мексиканы және оның халқын әрдайым сағынамыз", – деді әншінің анасы.
Бұған дейін Димаштың мексикалық жанкүйерлері әншіні қолдау мақсатында түрлі акциялар ұйымдастырған. Атап айтқанда, Монтеррей қаласының орталығында оның портреті бейнеленген үлкен мурал пайда болды. Ал Мехико көшелерінде әншінің суреті бар автобус жүріп, тұрғындардың назарын оның концерттеріне аударған.
