Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне "Ұлттық" мәртебесі беріледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында мәлімдеді.
"Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне "Ұлттық" мәртебе беру туралы шешім қабылдадым", – деді Президент.
Бұл шешім оқу орнының тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Университеттің ұлттық мәртебе алуы оның көпжылдық тарихын, ғылыми әлеуетін, қалыптасқан білім беру дәстүрі мен ел дамуына қосқан үлесін мойындауды білдіреді.
Сонымен қатар бұл – университет ұжымына артылған сенім мен жауапкершілік. Жаңа мәртебе оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмысын одан әрі дамытуға жол ашады.
