Шымкентте мәдениет пен өнер саласына маманданған жаңа жоғары оқу орны ашылады. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылмақ. Премьер-министр Олжас Бектенов Мәдениет және өнер ұлттық университетін құру туралы тиісті Үкімет қаулысына қол қойды.
Жаңа оқу орны Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің мәдениет және өнер факультеті негізінде жасақталады. Университетте жоғары білім берудің үш деңгейі – бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша мамандар даярлау жоспарланып отыр.
Оқу орнында қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие шығармашылық бағыттарға басымдық беріледі. Атап айтқанда, студенттер кино және драматургия, кино және теледидар режиссурасы, графика және мультимедиа, медиаменеджмент, операторлық өнер мен дыбыс режиссурасы салалары бойынша білім алады.
Бұл бағыттар кино, телевизия, медиа және креативті индустриялардың дамуына қажетті кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа университет шығармашылық салалардағы білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының дамуына ықпал ететін алаңға айналмақ.
Жоғары оқу орнына ерекше мәртебе беріледі. Бұл оның білім беру жүйесін дамытуына, заманауи оқу бағдарламаларын енгізуіне және халықаралық жобаларға қатысуына кең мүмкіндік ашады. Сондай-ақ университеттің білім, ғылым, мәдениет және креативті индустриялар саласындағы ынтымақтастығын кеңейту көзделген.
Осылайша, Шымкентте шығармашылық мамандықтарға бағытталған жаңа ұлттық жоғары оқу орны құрылып, мәдениет пен өнер саласына қажетті кадрларды даярлау жүйесі кеңейе түспек.
