$ € ₽
фото
қоғам

"17" Жастар театрының жаңа дәуірі: Шымкентте жеке ғимарат ашылды

Жеті жыл бойы тұрақты ғимараты болмаған шығармашылық ұжым енді өз сахнасына ие болды. Жаңа театрдың ашылуында алғашқы қойылым да көрсетілді.
Фото Шымкент әкімдігі

Театрдың жаңа ғимаратының ашылу салтанатында алғашқы қойылым да көрерменге ұсынылды.

Салтанатты рәсімге қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, театр ұжымын жаңа қонысымен құттықтады. Ол шығармашылық топтың алдағы уақытта да көрерменге мазмұнды қойылымдар ұсынып, Шымкенттің мәдени өміріне үлес қосатынына сенім білдірді.

"17" Жастар театрының тарихы 2018 жылдан басталады. Алғашында ұжым Жұмат Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театры жанынан студия ретінде құрылған. Бір жылдан кейін жеке театр ретінде жұмысын бастаған. Алайда осы уақытқа дейін шығармашылық топтың тұрақты ғимараты болмаған. Жаңа нысанның құрылысы үш жылға созылып, енді театр өз жұмысын арнайы жабдықталған ғимаратта жалғастырмақ.

Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Рүстем Әуелбековтің айтуынша, жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған және 80 көрерменге арналған. Камерлік форматта жұмыс істейтін өнер ордасында 20 адамнан құралған шығармашылық топ еңбек етеді.

Жетекшінің сөзінше, жеке сахнаның болуы театрдың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, бұрын жүзеге асыруға мүмкіндік болмаған жобаларды қолға алуға жол ашады. Биыл ұжым бірнеше өңірге гастрольдік сапармен барып, республикалық байқауларға қатысқан. Сонымен қатар басқа өнер иелерімен бірлескен спектакль-концерттер ұйымдастырған.

"Заманауи үлгіде салынған ғимаратта енді жаңа жобалар жасап, тың қойылымдар ұсынуға жағдай бар. Алдағы жоспарымыз – түрлі шығармашылық эксперименттер жасап, көрерменді жаңа қойылымдармен қуантамыз", – деді Рүстем Әуелбеков.

Жаңа сахнадағы алғашқы қойылым

Ғимараттың ашылу салтанатынан кейін театр ұжымы жаңа сахнадағы алғашқы премьерасын ұсынды. Көрермен назарына режиссер Шағуан Үмбетқалқиевтің "Мені күт" спектаклі ұсынылды.

Қойылымда ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, сезім, өзара түсініспеушілік және ажырасуға алып келетін жағдайлар суреттеледі. Осылайша, театр жаңа ғимараттағы жұмысын отбасылық қарым-қатынас пен адам сезімін арқау еткен қойылыммен бастады.

Салтанатты жиын соңында театр ұжымына қала әкімінің атынан гүл табысталды.

Енді "17" Жастар театры жеке ғимаратында шығармашылық жоспарларын жүзеге асырып, көрерменге түрлі жанрдағы қойылымдарын ұсынбақ. Ұжым үшін жаңа сахна – тек жұмыс орнының ауысуы емес, театрдың алдағы дамуына мүмкіндік беретін маңызды кезең.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу

әрі қарай оқыңыз

Қоғам →
келесі материалды жүктеудеміз