Жамбыл облысында 14 жастағы оқушының қазасынан кейін мұғалім шеттетілді
Не болды?
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 25 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында болған, деп хабарлайды Qumash.kz
№ 14 Әбiр Нүсіпбаев атындағы орта мектептің жетінші сыныбында оқитын 14 жастағы Кали Қуаныш Темірбекұлы өзіне қол жұмсаған. Оның отбасы бұл жағдай туралы жеті айдан кейін ғана көпшілікке мәлімдеді.
Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін жасөспірім алгебра пәнінің мұғалімімен жанжалдасқан. Отбасы баланың өлімін осы жағдаймен байланыстырады. Алайда оқиғаның нақты себептері жөнінде түпкілікті қорытындыны тергеу нәтижесі анықтауы тиіс.
Мұғалім оқушыларға тақтадағы тапсырманы дәптерге көшіріп жазуды тапсырған. Сыныптастарының бірі тақтадағы жазуды анық көре алмайтынын айтып, телефонын алып, тақтаны суретке түсірген. Кадрға мұғалім де түсіп қалған. Марқұмның туыстарының айтуынша, осыдан кейін Қуаныштың мұғаліммен байланысты қиындықтары басталған.
Оқушының туысы әлеуметтік желіде отбасының бұл жағдайды көпшілікке жариялауға ұзақ уақыт бойы батылы бармағанын жазды. Олардың сөзінше, бастапқыда сотқа жүгінуді жоспарламаған, алайда қайғылы оқиғадан кейін істің тергелуіне қол жеткізуге шешім қабылдаған.
Полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Оқу-ағарту министрлігі не деді?
Оқиға туралы жарияланымнан кейін Qumash.kz Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдады. Ведомствоның мәліметінше, педагог уақытша жұмыстан шеттетілген. Ал құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.
Министрлік қосымша ақпарат тергеу қорытындысы бойынша берілетінін хабарлады.
Заңда не көзделген?
ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-бөлігі адамды өзін-өзі өлтіруге немесе соған оқталуға дейін жеткізу, егер жәбірленуші кәмелетке толмаған болса, осы әрекет үшін жауаптылықты көздейді.
Істі осы бап бойынша саралау үшін тергеу күдіктінің әрекеттері мен суицид арасында себеп-салдарлық байланыстың бар-жоғын анықтауы керек.
Сондықтан қазіргі уақытта мұғалімнің кінәсі дәлелденді деп айтуға болмайды. Әзірге қайғылы оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.
Мектептерде қандай шаралар қолға алынған?
Оқу-ағарту министрлігі балалар арасындағы суицидтің алдын алу және психологиялық көмек көрсету шаралары туралы да мәлімет берді.
Ведомствоның дерегінше, еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. 2025 жылы олар 38 мың балаға көмек көрсеткен. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында 6 333 бала мен 3 421 ата-анаға қолдау көрсетілген.
Барлық мектепте "Қауіпсіздік сабақтары" өткізіліп, жедел көмекке жүгінуге арналған QR-111 жүйесі енгізілген. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында буллингтің, зорлық-зомбылықтың және құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
Мұғалім балаға бір нәрсе болғанын қалай байқай алады?
Оқушы өзіне қиын болып жүргенін ересектерге үнемі ашық айта бермейді. Кейде оның мінез-құлқындағы өзгерістер арқылы жағдайды аңғаруға болады. Мысалы, бала тұйықталып, ашушаң бола бастайды, сыныптастарымен араласудан қалады, мектепке барғысы келмейді, оқу үлгерімі төмендейді немесе денсаулығына жиі шағымданады. Мұндай өзгерістер жасөспірімге көмек қажет болуы мүмкін екенін білдіреді.
Мұндай жағдайда психологтер мұғалімдерге балаға қысым көрсетпеуге және оның сезімін елемеуге кеңес береді. "Бұл түк те емес", "өзің кінәлісің" немесе "бәрі де осындай кезеңнен өтеді" деген сөздерден аулақ болған жөн. Оның орнына жасөспіріммен оңаша, сабырлы сөйлесіп, оны тыңдауға дайын екенін білдірген дұрыс.
Егер бала жанжал, буллинг немесе қысым туралы айтса, мәселені мұғалім мен оқушының арасында ғана қалдыруға болмайды. Мұндай кезде сынып жетекшісі, мектеп психологі мен ата-анасы іске қосылуы керек. Қажет болған жағдайда басқа мамандар да тартылуы тиіс.
Буллингтің алдын алу қағидалары осындай белгілерге жедел әрекет етуді және балаға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуді көздейді.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу