Шымкентте Республика күніне орай азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды
Шымкентте Республика күніне арналған салтанатты жиын өтіп, ел дамуына үлес қосқан азаматтарға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградалар табысталды. Мерекелік шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еңбек ұжымдарының мүшелері қатысты.
Салтанатты жиында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындарды ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің ел тарихындағы ерекше орнына тоқталды.
1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан маңызды тарихи кезең болды. Биыл бұл мереке ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
"Егемендік пен елдіктің негіздерін сақтау және нығайту – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз", – деді Ғабит Сыздықбеков.
Қала басшысы елімізде жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституция негізінде саяси және қоғамдық жаңару үдерістері жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға негіз болады.
Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, қаланың өсіп-өркендеуіне тұрғындардың қосып отырған үлесін атап өтті. Қазіргі таңда мегаполистің экономикалық әлеуеті артып, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, білім, мәдениет және спорт салаларындағы мүмкіндіктерді кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бастамалар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Мерекелік бағдарлама "Бүгінгі Қазақстан" атты музыкалық-театрландырылған қойылыммен жалғасып, концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу

