Салмағы 679 грамм болып туған нәрестені Алматы дәрігерлері аман алып қалды
Оның 43 күнінде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, кейін тыныс алуға көмектесетін басқа құрылғы қолданылған.
Қазір сәбидің салмағы 1,8 келіге жетті. Ол анасымен бірге жатыр.
Алматыдағы № 2 қалалық перинаталдық орталық дәрігерлері салмағы небәрі 679 грамм болып туған шала нәрестені аман алып қалды. Бала 2026 жылғы 8 тамызда жүктіліктің 26 аптасы 6 күнінде дүниеге келген.
Анасы медициналық орталыққа шұғыл жеткізілген. Жүктілік кезіндегі асқынуларға байланысты дәрігерлер медициналық көрсетілімдер бойынша кесарь тілігі арқылы босандыру туралы шешім қабылдаған.
Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап ұл балаға қарқынды терапия қажет болды. Ол жансақтау бөлімінде жалпы 70 күн жатты. Оның 43 күнінде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұдан бөлек, 25 күн бойы балаға СИПАП әдісімен тыныс алу қолдауы көрсетілді.
Медицина қызметкерлері сәбидің жағдайын тәулік бойы бақылаған. Бірнеше апта ем алғаннан кейін оның жағдайы жақсарып, жансақтау бөлімінен анасымен бірге жататын палатаға ауыстыруға мүмкіндік туған.
Материал жарияланған кезде нәрестенің туғанына 75 күн болған. Салмағы 1 800 грамға дейін артқан. Енді оның жанында ең жақын адамы – анасы бар.
Перинаталдық орталықтың хабарламасында Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жаңа туған нәрестелер өлімінің ең төмен көрсеткішіне жеткені де айтылған. Әрбір мың тірі туған нәрестеге шаққанда бұл көрсеткіш үш жағдайды құрайды. Мұндай нәтижеге перинаталдық көмектің дамуы, заманауи технологиялардың енгізілуі және ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің жетілдірілуі ықпал еткені атап өтілген.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу