Шымкентте инвестордың құқығын бұзған төрт салық қызметкері жазаланды
Бір лауазымды тұлғаға 216 250 теңге айыппұл салынды.
Шымкент қаласының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің инвесторлардың қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтады.
Прокурорлық қадағалау барысында мемлекеттік кірістер органдары "White Fellow-Deer" ЖШС-нің шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы әкімшілік акт шығарғаны анықталды.
Кейін компания корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша салық есептілігін тапсырып, хабарлама талаптарын орындаған. Осылайша, шоттардағы шығыс операцияларын тоқтатуға негіз болған себептер жойылған.
Салық кодексінің 86-бабының 7-тармағына сәйкес, мұндай жағдайда салық органы әкімшілік актінің күшін себептер жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жоюға міндетті.
Алайда Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті инвестордың шоттарындағы шығыс операцияларын бір жұмыс күні ішінде қалпына келтірудің орнына, әкімшілік актінің күшін төрт айдан кейін ғана жойған.
Осы факті бойынша кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 216 250 теңге айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, инвесторлардың банк шоттарына қойылған шектеулерді уақтылы алып тастамаған мемлекеттік кірістер органдарының тағы үш қызметкері әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Қайда хабарласуға болады?
Шымкент қаласының прокуратурасы инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, олардың қызметіне заңсыз әкімшілік араласу фактілерінің жолын кесу және мұндай кедергілердің алдын алу жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.
Әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторлар +7 (707-61) 5-00-10 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласа алады.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу