"Сатып алдық, бірақ тіркей алмадық": iPhone 18-ге қатысты қиындық
ATS Mediafon KZ компаниясы шектеулер техникалық жұмыстар мен анықталған тәуекелдерге байланысты енгізілгенін түсіндірді.
Шетелден сатып алынған жаңа iPhone иелері Қазақстанда IMEI-верификациядан өту кезінде қиындықтарға тап болды. Қолданушылар жүйе арқылы өтінім бере алмай жатқанын, ал кей жағдайда құрылғының екінші IMEI нөмірін растау мүмкіндігі шықпайтынын айтып отыр, деп хабарлайды Qumash.kz
Threads желісінде қолданушылардың бірі мәселе iPhone 18 смартфонын жеке тұлға ретінде тіркеуге әрекет жасаған кезде туындайтынына назар аударды. Автор бұл шектеу ресми жеткізушілерге артықшылық беруі мүмкін деген болжам айтты. Алайда ол өз нұсқасын растайтын құжаттарды ұсынбаған.
iPhone 18-ге қатысты не болып жатыр?
Қолданушылар смартфонды шетелден әкелгеннен кейін міндетті верификация рәсімінен өте алмай жатқанын айтып отыр. Кейбірі жүйе арқылы бірнеше күн немесе бірнеше апта бойы өтінім беруге тырысып жүргенін мәлімдеді.
"Екінші IMEI нөмірін верификациядан өткізе алмай отырмын. eGov-та екінші IMEI-ді верификациялау үшін қажетті бөлім шықпайды. Не істеу керек?" – деп жазды қолданушылар әлеуметтік желілерде.
Басқа құрылғы иелері смартфонды тіркеуге әрекет жасаған кезде жүйеде iPhone 18 желісіндегі құрылғыларды верификациялау уақытша қолжетімсіз екені туралы хабарлама шығатынын айтады.
Осыған ұқсас мәселе әлеуметтік желілерде де кең тарады. БАӘ, Ресей және басқа елдерден смартфон сатып алған қазақстандықтар шекарадан өткенін растайтын құжаттары болғанына қарамастан, өтінім бере алмай жатқанын хабарлауда.
Верификациямен айналысатын компания не деді?
Qumash.kz редакциясы Қазақстанда мобильді құрылғыларды верификациялау қызметтерін көрсететін "ATS Mediafon KZ" ЖШС-не жүгінді. Компанияның байланыс орталығының операторы (3838 нөмірі) iPhone 18 желісіндегі құрылғыларды верификациялау шынымен уақытша шектелгенін растады.
Компания мұны жүйені техникалық баптау жұмыстарымен және жеке тұлғалардың өтінім беруі кезінде анықталған тәуекелдермен байланыстырды.
"iPhone 18 желісіндегі құрылғыларды верификациялау техникалық тұрғыдан шектелді. Бұл верификация жүйесін баптау жұмыстарының жүргізілуіне, сондай-ақ жеке тұлғалардың өтінім беруі кезінде анықталған тәуекелдер мен аномалияларға байланысты", – деп хабарлады ATS Mediafon KZ.
Компанияның мәліметінше, қауіпсіздік мониторингі барысында азаматтардың дербес деректері мен электрондық цифрлық қолтаңбаларын олардың хабарынсыз және келісімінсіз үшінші тұлғалардың пайдаланған жағдайлары анықталған.
Сонымен қатар мамандар екінші IMEI нөмірін тексеру тетігін заңсыз пайдалану белгілері мен Мобильді азаматтар базасындағы абоненттік нөмірлерді заңсыз өзгерту тәуекелдері анықталғанын хабарлады.
Компанияның нұсқасы бойынша, дәл осы себептен жүйені қосымша баптап, қорғау тетіктерін күшейту туралы шешім қабылданған.
Жұмыстардың нақты қашан аяқталатыны әзірге айтылған жоқ. ATS Mediafon KZ жүйені баптау жұмыстары аяқталғаннан кейін iPhone 18 құрылғыларын верификациялау қайта басталуы тиіс екенін мәлімдеді.
Ал "картельдік сөз байласу" туралы не белгілі?
Threads қолданушыларының бірі бұл шектеу Apple техникасының ресми жеткізушісінің мүддесімен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтты. Ол ASBC Kazakhstan компаниясын атап, болып жатқан жағдайды ықтимал "картельдік сөз байласу" деп атаған.
Алайда ашық дереккөздерде бұл болжамды растайтын мәлімет жоқ. Верификацияның уақытша шектелуінің өзі компаниялар арасында қандай да бір келісім болғанын дәлелдемейді.
Сонымен қатар ASBC компаниясы Қазақстанда Apple компаниясымен жұмыс істейді және Apple Premium Partner мәртебесіне ие. Компанияның сайтында оның Apple-мен 2012 жылдан бері ынтымақтастық орнатып келе жатқаны көрсетілген.
Ал ATS Mediafon KZ компаниясының мәртебесі оның мемлекеттік орган екенін білдірмейді. 2025 жылы Мәжілістің депутаттық сауалына берген жауабында Цифрлық даму министрлігі іріктеу қорытындысы бойынша мобильді құрылғыларды верификациялау қызметтерін жеткізуші ретінде дәл "ATS Mediafon KZ" ЖШСанықталғанын хабарлаған. Онымен ынтымақтастық туралы келісім 2025 жылғы 4 сәуірде жасалған.
Бұл ретте ведомство белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда балама жеткізушілерді қызметке жіберу мүмкіндігі ашық екенін атап өткен.
IMEI нөмірін не үшін тіркеу қажет?
IMEI-верификация мобильді құрылғының Қазақстанға заңды түрде әкелінгенін және оны қазақстандық байланыс операторларының желілерінде пайдалануға болатынын тексеру үшін қажет.
Бұл ретте телефонды Қазақстаннан тыс жерден сатып алуға тыйым салынбаған. Қазақстан азаматтары смартфондарды жеке пайдалану үшін елге әкеліп, қажетті верификация рәсімінен өте алады.
Қазіргі таңда iPhone 18-ге қатысты мәселе дәл осы желідегі құрылғыларды жеке тұлғалар үшін верификациядан өткізу мүмкіндігінің уақытша шектелуіне байланысты болып отыр.
iPhone 18 иелеріне не істеуі керек?
Компания техникалық жұмыстар жүргізіп жатқан кезде қолданушыларға функцияның қайта іске қосылуын күтуге тура келеді. ATS Mediafon KZ мәліметінше, жүйені баптау жұмыстары аяқталғаннан кейін заңды түрде сатып алынған және белгіленген талаптарға сәйкес келетін құрылғылардың иелері верификациядан өте алады.
Ал шетелден iPhone сатып алуды енді жоспарлап жүргендерге құрылғыны елге әкелу талаптары мен оның мәртебесін алдын ала тексерген жөн. Ресми сервис те телефон сатып алмас бұрын оның IMEI нөмірін тексеруді ұсынады.
Редакция сондай-ақ ATS Mediafon KZ-ге верификацияны қалпына келтіру мерзімі, шектеулердің жеке тұлғаларға қатысты енгізілу себептері және екінші IMEI нөміріне қатысты жағдай туралы сұрақтар жолдайды.
Мәселе Apple компаниясының жаңа смартфондар желісі іске қосылған тұста пайда болды. ASBC Kazakhstanбұған дейін iPhone 18 Pro смартфондарына алдын ала тапсырыс қабылдауды бастағанын ресми арналары арқылы хабарлаған.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу