Қазақстанда бірінші курс студенттері әлі күнге дейін шәкіртақы алмаған
Не болды?
Qumash.kz редакциясына Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бірінде магистратураның бірінші курсында оқитын студент шағымданды. Оның айтуынша, бірінші курс студенттеріне әлі күнге дейін шәкіртақы төленбеген.
Осыған байланысты Qumash.kz тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігіне ресми сауал жолдады. Біз магистратураның бірінші курс студенттеріне Қазақстанда шынымен әлі шәкіртақы төленбеген-төленбегенін сұрадық. Сондай-ақ төлемнің кешігуіне не себеп болғанын және қаражаттың қашан аударылатынын нақтылауды өтіндік.
Министрлік не деп жауап берді?
Сауалға Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жауап берді. Ведомство өкілдері мемлекеттік шәкіртақыны тағайындау және төлеу тәртібі Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік шәкіртақыны тағайындау, төлеу және оның мөлшерін айқындау қағидаларымен реттелетінін мәлімдеді.
"Бірінші курс студенттеріне шәкіртақыны алғаш рет төлеу үшін олардың оқуға қабылданғаны туралы мәліметтерді, жеке деректерін және банк шоттарының деректемелерін жинап, тексеру қажет. Жоғары оқу орындары 30 қыркүйектегі жағдай бойынша білім алушылар туралы мәліметтерді қалыптастырып, оларды Жоғары білім берудің бірыңғай платформасына енгізеді.
Оқу орындарынан есептерді алғаннан кейін мемлекеттік шәкіртақы төлемдерінің операторы болып саналатын "Қаржы орталығы" АҚ ұсынылған деректерді өңдеп, тексереді. Осы рәсімдер аяқталған соң қаражат аударылады", – делінген сауалға берілген жауапта.
Шәкіртақы қашан түседі?
Осыған байланысты бірінші курс студенттері мен магистранттарына мемлекеттік шәкіртақыны алғаш рет 2026 жылғы қазанның екінші жартысында қыркүйек және қазан айлары үшін бірден төлеу жоспарланып отыр.
"Шәкіртақы тағайындалған білім алушыларға қыркүйек айындағы төлем толық көлемде беріледі. Қараша айынан бастап шәкіртақы ай сайын төленеді.
Алғашқы төлемнің мұндай тәртібі мемлекеттік шәкіртақы алуға құқығы бар бірінші курс студенттері мен магистранттарына қолданылады. Бұл олардың білім алушы мәртебесін растау және қаражат аудару үшін қажетті мәліметтерді тексеру рәсімдерін аяқтау қажеттілігіне байланысты.
Осылайша, аталған жағдай оқуға қабылданғаннан кейінгі алғашқы төлемді ұйымдастыру тәртібіне байланысты және жекелеген жоғары оқу орнына ғана қатысты емес", – деп хабарлады комитет.
Студенттер қайда шағымдана алады?
Комитет өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік шәкіртақыны тағайындау және төлеу мәселелері бойынша студенттер өз оқу орындарының тиісті бөлімдеріне, соның ішінде тіркеуші кеңсесіне, деканатқа немесе бухгалтерияға жүгіне алады. Сондай-ақ "Қаржы орталығы" АҚ-ға хабарласуға болады.
"Егер шәкіртақы төленбесе, студенттер оқу орнында ұсынылған мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығын, соның ішінде банк шотының деректемелерін тексеруі қажет", – деп мәлімдеді комитет.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу