NU түлектерінің шетелдегі мансабы: Қазақстанда қаншасы қалады

коллаж
Фото Qumash/ ЖИ
Әлеуметтік желіде Назарбаев зияткерлік мектептерінің (НЗМ) түлектері туралы жазба қызу талқыланып жатыр.

Оның авторы түлектердің 44%-ы шетелге кететінін, ал кей жылдары бұл көрсеткіш 50%-дан асқанын айтады.

Автордың сөзінше, мектептердің біріндегі ата-аналар жиналысында осындай статистика ұсынылған. Бұл туралы Qumash.kz хабарлайды.

Жазба авторы жағдайды сынға алып, НЗМ-ді жабуға шақырған. Оның пікірінше, мемлекет білім алушыларға қаржы жұмсайды, алайда олар кейін елден кетеді. Дегенмен Threads желісінде жарияланған бұл сандар әзірге тек жазба авторының сөзіне негізделген. Жазбада статистика қай жылдарды қамтитыны, түлектердің жалпы саны және кімдердің "шетелге кеткендер" қатарына жатқызылғаны көрсетілмеген.

Осы талқылауға байланысты Qumash.kz Назарбаев Университетінен (NU) түлектердің жұмысқа орналасуы және оқуын жалғастыруы туралы мәлімет сұратты. Университет 2015–2025 жылдар аралығындағы деректерді ұсынды.

Айта кетейік, НЗМ мен NU – екі бөлек білім беру ұйымы. Сондықтан университеттің статистикасы мектеп түлектері туралы жазбада келтірілген сандарды растамайды да, жоққа шығармайды да.

NU түлектері қайда жұмыс істейді?

Университеттің мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 2015–2025 жылдары NU-ды 12 039 адам бітірген. Олардың 11 798-і немесе 98%-ы – Қазақстан азаматтары. Қалған 241 түлек – шетел азаматтары.

Жалпы 8 939 түлек жұмысқа орналасқан. NU дерегіне сәйкес, олардың 92%-ы Қазақстанда жұмыс істейді. Шетелде 1 057 түлек еңбек етеді. Олардың 997-сі – Қазақстан азаматы, ал 60-ы – шетелдік азамат.

Осылайша, NU-дың жұмысқа орналасқан түлектерінің басым бөлігі ел ішінде еңбек етеді. Алайда университет ұсынған деректер оқу орнын бітіргендердің барлығын емес, жұмысқа орналасқандарды қамтиды. Оқуын жалғастырып жатқандар мен басқа санаттағы түлектер бөлек есептеледі.

Түлектер қай салаларда жұмыс істейді?

  1. Жұмысқа орналасқан түлектер арасында ең танымал бағыт – білім беру және ғылым. Бұл салада 2 346 адам еңбек етеді. Олар жұмысқа орналасқан түлектердің 26,3%-ын құрайды.
  2. Екінші орында қаржы секторы тұр. Мұнда 1 386 түлек немесе 15,5% жұмыс істейді.
  3. Ақпараттық технологиялар саласында 1 076 адам еңбек етеді. Бұл – 12%.
  4. Өндіріс пен өнеркәсіпте 705 түлек (7,9%)
  5. Денсаулық сақтау саласында 530 адам (5,9%)
  6. Құрылыста 370 адам (4,1%) жұмыс істейді.
  7. Мұнай-газ саласында 302 түлек (3,4%) еңбек етеді.
  8. Ал мемлекеттік секторда 269 адам немесе жұмысқа орналасқан түлектердің 3%-ы қызмет атқарады.
  9. Маркетинг пен сатылым саласында 133 түлек, энергетикада 84 түлек жұмыс істейді.
  10.   Қалған 1 738 адам немесе 19,4% басқа салаларда еңбек етеді.

Бұл деректер университет түлектерінің білім беру мен қаржыдан бастап өнеркәсіп пен мемлекеттік басқаруға дейінгі түрлі салаларда жұмыс істейтінін көрсетеді.

Шетелде оқуын жалғастырып жүргендер қанша?

Университет диплом алғаннан кейін оқуын жалғастыруды таңдаған 1 858 түлек туралы да мәлімет берді. Олардың 1 176-сы немесе 63,2%-ы Қазақстанда, ал 682-сі немесе 36,8%-ы шетелде білім алып жатыр.

Түлектер Harvard University, Yale University, Stanford University, Massachusetts Institute of Technology, University of Oxford, University of Edinburgh, University of Warwick, University of Padua, Bocconi University, KAIST және MBZUAI сияқты оқу орындарында білімін жалғастыруда.

Назарбаев университет, студенты, иностранцы
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Шетелде оқып жүргендердің 439-ы магистратурада, 237-сі докторантурада, төртеуі магистратура мен докторантураны біріктіретін бағдарламаларда оқиды. Тағы бір түлек бакалавриат бағдарламасында, екіншісі резидентурада білім алып жатыр.

Қазақстанда оқуын жалғастырып жүрген 867 түлек білімді тікелей NU-да алады. Олардың 468-і магистратурада, 268-і докторантурада, 81-і "Медицина докторы" бағдарламасында оқиды, ал 50 түлек резидентурадан өтуде.

Шетелде оқуын жалғастыру түлектің Қазақстаннан біржола кеткенін білдірмейді. Ұсынылған статистика олардың қаншасы кейін елге оралатынын және диплом алған соң қайда жұмыс істейтінін анықтауға мүмкіндік бермейді.

Qumash.kz редакциясы шетелде оқып, жұмыс істеп жүрген түлектер туралы мәліметтерді нақтылау үшін Назарбаев зияткерлік мектептеріне де ресми сауал жолдайды.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.

Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz

Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу
мұны да оқыңыз

Мәтінді енгізіп, Enter басыңыз немесе іздеуден бас тарту үшін Esc басыңыз