Нақты мәлімет жоқ: Home Credit Bank шағымдарға жауап берді
Home Credit Bank клиенттердің атына алаяқтар шот ашқаны туралы өтініштерді тексеріп жатыр. Алайда банк әлеуметтік желідегі жарияланымдардың өзі құқықбұзушылық болғанын дәлелдемейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qumash.kz
Home Credit Bank Qumash.kzредакциясының Қазақстан азаматтарының атына олардың келісімінсіз шоттар ашылып, несие рәсімделіп, ақша аударылғаны туралы шағымдарға қатысты сауалына жауап берді.
Нақты мәлімет күтпеңіз
Home Credit Bank өкілдері әрбір сипатталған жағдайда нақты не болғанын түсіндірмеді. Банк күмәнді операциялардың себептері анықталған-анықталмағанын, клиенттерді сәйкестендіру кезінде заңбұзушылықтар болған-болмағанын және ішкі тексерулердің қандай нәтиже бергенін хабарламады.
Нақты түсініктеме берудің орнына баспасөз қызметі банктік құпия талаптарына сілтеме жасады.
"Сауалда аталған аккаунттар мен оқиғаларға қатысты мынаны хабарлаймыз: "Банктер және банк қызметі туралы" заңның 69-бабының және "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңның талаптарына сәйкес банк клиенттер, олардың шоттары, операциялары және жеке өтініштер бойынша тексеру нәтижелері туралы мәліметтерді үшінші тұлғаларға жариялауға немесе түсініктеме беруге құқылы емес", – деп түсіндірді Home Credit Bank өкілдері.
Банк әлеуметтік желідегі жазбалар мен азаматтардың өтініштері алаяқтық фактісін өздігінен растамайтынын да атап өтті.
"Әлеуметтік желілерде хабарламалардың жариялануы немесе өтініштің берілуі құқыққа қайшы әрекеттер жасалғанын растамайды. Әрбір оқиғаның мән-жайы белгіленген процестік тәртіппен анықталады, ал үшінші тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық бағаны уәкілетті құқық қорғау органдары береді", – деп мәлімдеді банк.
Осылайша, банк әлеуметтік желілерде сипатталған жағдайларды растаған жоқ және нақты шағымдар бойынша тексеру нәтижелерін ұсынбады. Бөгде адамдардың клиенттердің шоттарына қалай қол жеткізгені немесе олардың атына банк өнімдерін қалай рәсімдегені әзірге белгісіз.
Биометрия мен "Стоп-кредит": банк нені уәде етеді?
Home Credit Bank клиенттерді қорғаудың бірнеше деңгейін қолданатынын мәлімдеді. Олардың қатарында жеке басты тексеру, күмәнді белсенділікті бақылау, операцияларды мониторингтеу және рұқсатсыз төлемдер мен аударымдарға қарсы автоматтандырылған жүйелер бар.
"Кез келген кредиттік өнімді мақұлдап, бермес бұрын банк клиенттің несие алудан ерікті түрде бас тартқан-бас тартпағанын ("Стоп-кредит") кредиттік бюролардың дерекқорлары арқылы нақты уақыт режимінде тексереді. Егер белсенді тыйым болса, несие рәсімдеу техникалық және рәсімдік тұрғыдан мүмкін емес", – деп атап өтті банк.
Сонымен қатар Home Credit Bank алаяқтыққа қарсы жүйелерін жаңа схемаларды ескере отырып үнемі жетілдіретінін, қаржы реттеушісімен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасайтынын хабарлады.
Банктің түсіндірмесі көңілге сенім ұялататындай көрінеді. Алайда осындай көпдеңгейлі қорғаныс жүйелерін біреулер айналып өтуі мүмкін деген сұрақ ашық қалып отыр. Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде сипатталған жағдайларды өз бетінше дәлелдей алмай отыр, ал банк бұл оқиғаларды әзірге растаған жоқ.
Бұған дейін Qumash.kz Home Credit Bank клиенттерінің атына түнде шоттар ашылып, сол шоттар арқылы дропперлік операциялар жүргізілгені немесе бұрыннан бар шоттарға ақша түсіріліп, несие рәсімделгені туралы бірнеше жағдайды жазған.
Зардап шеккендердің арасында танымал блогер Аделя Ким де бар. Оның айтуынша, алаяқтар атына виртуалды карта ашып, сол арқылы басқа адамдардың ақшасын аударған.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу