"Мен – Джейн Доу": Қазақстанда зорлық-зомбылық құрбандары неге хейтке тап болады
Не болды?
Қазақстаннан шыққан "Мен – Джейн Доу" халықаралық челленджіне қатысушы бала кезінде жақын адамының тарапынан көрген сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық туралы айтып берді. Алайда ол қолдаудың орнына қорқыту мен қоқан-лоқыға тап болған. Неліктен зорлық-зомбылық құрбандары шындықты айтуға қорқады және оларды неге айыптайды? Qumash.kz тілшісі бұл мәселені психотерапевт Елена Тенмен бірге зерделеп көрді.
Threads желісіндегі жазба авторы бастапқыда "Мен – Джейн Доу" халықаралық қозғалысына қосылып, бала кезінде сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көргенін айтқан. Алайда кейін ол жарияланымын жасыруға мәжбүр болғанын мойындады.
"Өз тарихымды бөліскеннен кейін біреу әкеме хабарласып, мені сотқа беретінін айтып қорқытты. Егер жазбамды өшірмесем, түрмеге қамалатынымды айтты. Не үшін? Бала кезімде басымнан өткен жағдайды айтқаным үшін бе?" – деп жазды қыз.
Бұл оқиға арада жылдар өтсе де, зорлық-зомбылық құрбандарының неге басынан өткен жағдайды айтуға қорқатыны туралы мәселені қайта көтерді. Психотерапевт Елена Тен қоғамдық айыптау, жәбірленушіні кінәлау және қорғауы тиіс адамдарға деген сенімсіздік мұндай оқиғалардың неге жасырын қалатынын түсіндірді.
"Жақсы қыз болсам, басыма ештеңе түспейді"
Елена Теннің айтуынша, әйелдердің жәбірленушілерді кінәлауының бір себебі – зорлық-зомбылықтың алдын алуға дұрыс мінез-құлық арқылы қол жеткізуге болады деп өздерін сендіруге тырысуы. Адам сақ жүрсе, назар аудартпаса және белгілі бір ережелерді ұстанса, басына жамандық түспейді деп ойлайды.
Психотерапевт мұның қауіпсіздік пен қорғалғандық туралы жалған түсінік қалыптастыратын когнитивтік бұрмалау екенін атап өтті.
""Жақсы қыз болсам, басыма ештеңе түспейді" деген ой жаңбыр жаумасын деп айтылатын сиқырлы сөздерге ұқсайды. Бұл "үздік оқысам, жақсы жұмысқа орналасамын" немесе "адамдарды тонамасам, мені де тонамайды" деген түсінікпен бірдей. Әйел дұрыс әрекет етсе, зорлық-зомбылықтың құрбаны болмаймын деп ойлайды. Бірақ өмірде бұл қағида жұмыс істемейді", – деп түсіндірді Елена Тен.
Мұндай ережелер мен ұстанымдар басты шындықты өзгертпейді: зорлық-зомбылық жасау туралы шешімді оны жасаған адам қабылдайды.
"Қазақстанда болсын, басқа елде болсын, қоғам зорлық-зомбылық жасаған адамды ғана кінәламайынша, жауапкершілікті жәбірленушіге арту жалғаса берсе, бұл мәселе туралы үнсіздік сақталады. Біз зорлық-зомбылыққа тек оны жасаған адам кінәлі екенін әбден түсінбейінше, жағдай өзгермейді. Мұнда "екеуі де кінәлі" деген түсінік болмауы керек. Бұл – қате көзқарас", – деп атап өтті Елена Тен.
Әйелдер неге жылдар бойы үндемейді?
Қазақстанда айыптаудан қорқуға отбасының абыройы мен ұят туралы дәстүрлі түсініктердің қысымы қосылады. Яғни, қоғамдағы "ұят" ұғымы да әсер етеді. Алайда психотерапевт мәселені тек Қазақстанмен немесе өңіріміздегі "ұят" түсінігімен шектеуге болмайтынын атап өтті. Мұндай проблемамен Еуропа мен АҚШ-та да кездеседі.
Үнсіздіктің маңызды себептерінің бірі – жақын адамдардың қолдауының болмауы. Әсіресе отбасындағы зорлық-зомбылық туралы айтып, ересектерден қорған күтетін балалар үшін бұл өте ауыр.
Елена Тен баланың өзін қорғауы тиіс адамдардан да қолдау таппауы мүмкін екенін айтты. Кейде анасының өзі бұрын зорлық-зомбылық көргендіктен, қызының әңгімесін эмоционалдық тұрғыдан қабылдай алмайды.
Көмектің орнына бала "Өзің ойдан шығарып отырсың" немесе "Мұнда қорқатындай ештеңе жоқ. Болды ғой, ұмыта сал" деген сөздерді естуі мүмкін.
Психотерапевттің айтуынша, кейбір ересектер болған жағдайды жоққа шығаруды жөн көреді. Өйткені олар зорлық-зомбылық жасаған адаммен бетпе-бет келуден, оқиғаның жария болуынан және оның бүкіл отбасына салдары тиюінен қорқады. Алайда мұндай үнсіздік баланы басынан өткен жағдаймен жалғыз қалдырады.
Қорғаудың орнына – қорлау
Тағы бір кедергі – құқық қорғау органдарына жүгінуден қорқу. Елена Теннің айтуынша, жәбірленушілер қайтадан азап пен қорлыққа тап болудан қауіптенеді. Оның сөзінше, мұндай қорқыныштың негізі бар.
"Құқық қорғау органдары тарапынан сенімсіздік, мазақ ету, менсінбеу, тіпті малға қарағандай қарау болуы мүмкін. Сені қорғауы тиіс жүйемен бетпе-бет келгенде, ол керісінше, жағдайыңды одан әрі ушықтырып, өзіңді қорланған күйге түсіреді. Бұл көбіне зорлық-зомбылық құрбаны үшін қосымша жарақатқа айналады", – деді психотерапевт.
Зорлық-зомбылық отбасылық сценарийге айналғанда
Елена Тен жәбірленушілер мен олардың аналарының қаржылық тәуелділік сияқты себептерге байланысты осал жағдайда қалатынын атап өтті.
"Әдетте жәбірленушінің де, оның анасының да ортақ виктимологиялық портреті болады. Көбіне олар қаржылық тұрғыдан ғана емес, басқа жағынан да құқығы шектелген адамдар. Олар батыл шешім қабылдай алмайды, зорлық-зомбылық жасаған адамға қарсы тұруға қауқарсыз болады", – деп атап өтті психотерапевт.
Оның айтуынша, жәбірленушілердің аналары да бала кезінде зорлық-зомбылық жағдайында өскен болуы мүмкін. Соның салдарынан бір сценарий қайталанып, мәселе ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
Психотерапевт мұндай шеңберден шығу қиын екенін түсіндірді. Ол үшін болған жағдайды айтуға бел буумен қатар, сөзіне сенетін және кінәламайтын адамдарды кездестіру қажет.
"Мен – Джейн Доу" челленджі неге маңызды?
Психотерапевттің айтуынша, мұндай қозғалыстар жәбірленушілерге өздерін ақтауға мәжбүр болмай-ақ, басынан өткен жағдайды айтуға мүмкіндік береді. Адам болған оқиғаны өзіне таңылған ұят ретінде қабылдауды тоқтатқанда, жарақаттың салдарын біртіндеп еңсеруге мүмкіндік алады.
"Адам сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшырағанда, басым сезімдер кінә мен ұят болады. Олар соншалықты жойқын болуы мүмкін, тіпті бала өзіне бір жамандық жасағандай шын сенеді", – деді Елена Тен.
Ол қолдау көрсететін орта адамның өзін кінәлауды тоқтатып, басынан өткен жағдай туралы айта бастауына көмектесетінін атап өтті. Алғашқы қадам жасау үшін бірден көпшілікке жариялаудың қажеті жоқ. Ең бастысы – жанынан оны айыптамай тыңдайтын кем дегенде бір адамның табылуы.
"Үнсіздікті бұзудың өзінде сауығуға ықпал ететін тетік бар. Тіпті 25 адам "Өзің кінәлісің" деп жазып, екі адам ғана "Бейшарам, сенің еш кінәң жоқ" десе де, жазба авторы сол азғантай қолдауға жармасып, оны тірек ете алады", – деп атап өтті психотерапевт.
Сонымен қатар оқиғаны көпшілікке жариялау кәсіби көмектің орнын баспайтынын және кінәлі адамның міндетті түрде заң алдында жауап беретінін білдірмейтінін ескеру қажет. Дегенмен басынан өткен жағдай туралы қауіпсіз ортада айту психологиялық тұрғыдан қалпына келудің маңызды қадамы болуы мүмкін.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу