$ € ₽
Магнус Карлсен и Бибисара Асаубаева
жаңалықтар

Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен соңғы партияны ойнаудан бас тартты

Норвегиялық гроссмейстер Будапештте өткен Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде қазақстандық шахматшыға қарсы соңғы партияға не себепті шықпағанын түсіндірді.
Фото chessbase.in

Карлсеннің айтуынша, сол сәтте матчтың нәтижесі іс жүзінде белгілі болған. Сондықтан кездесудің қорытындысына әсер етпейтін партияны ойнаудың мәнін көрмеген.

"Келмеген жағдайда болатын жалғыз салдар – мүлде маңызы жоқ партиядан жеңілу. Егер әлем чемпионатында ойнап, бұл нәтиже ұпайға және басқа көрсеткіштерге әсер етсе, онда түсінуге болар еді. Бірақ матч аяқталса, демек, ол аяқталды", – деді Карлсен Норвегияның TV2 телеарнасына берген сұхбатында.

Шахматшы жеңімпаз мерзімінен бұрын анықталғаннан кейін ойналатын партия рейтингке есептелуі керек деген пікірмен де келіспейтінін айтты. Карлсен мұндай шешімді өзі қабылдағанын атап өтті.

Матч қалай өтті?

Карлсен бас тартқан сәтте мини-матчта 11,5:0,5 есебімен алда болған. Қарсыластар кездесудің алғашқы кезеңінде блицтен төрт, рапидтен екі партия өткізді. Норвегиялық шахматшы блицтегі үш партияда және рапидтегі екі кездесуде жеңіске жетті. Тағы бір блиц партиясы тең аяқталды.

Одан кейін шахматшылар жылдам классика форматында ойнауы керек еді. Алайда Карлсен төрешілерге барып, партияға келмеген жағдайда қандай салдар болатынын нақтылап алған соң, ойын залынан кетіп қалған.

Ал Бибісара Асаубаева қарсыласын шахмат тақтасының алдында күтіп отырды. 15 минут өткен соң оған техникалық жеңіс берілді. Ойын күнінің қорытынды есебі – 11,5:8,5, норвегиялық шахматшының пайдасына.

Асаубаева турнирде қалай өнер көрсетті?

Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирі Будапештте өтіп жатыр. Жарысқа 24 шахматшы қатысады. Турнир бағдарламасында блиц, рапид және жылдам классика форматындағы партиялар бар.

Қазақстандық шахматшы әлеуметтік желідегі жазбасында осындай деңгейдегі жарысқа қатысу мүмкіндігіне қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, турнирге әлемдік шахматтың жұлдыздары жиналған.

"Осындай деңгейдегі жарыста Қазақстан атынан өнер көрсету және әлемнің ең мықты шахматшыларымен ойнау – мен үшін ерекше мәртебе. Турнир оңай болған жоқ, бірақ өте қызықты өтті. Өкінішке қарай, блицте ойыным жүрмеді, есесіне классикада жақсы ойын көрсетіп, бірнеше лайықты партия өткіздім. Ерекше формат пен мықты қарсыластар бұл тәжірибені мен үшін одан сайын құнды етті", – деп жазды Асаубаева.

Магнус Карлсенмен кездесудің алдында шахматшы онымен ойнау өзі үшін қызықты тәжірибе болатынын айтқан.

Әзірге Асаубаева норвегиялық гроссмейстермен өткен матчтың қорытындысына қатысты пікір білдірген жоқ.

Қараша айында Бибісара Асаубаева осы Будапешттегі турнирде үндістандық гроссмейстер Арджун Эригайсиді жеңген болатын. Қазақстандық шахматшы бұл партияны ескі үнді қорғанысындағы ойыны тұрғысынан мансабындағы ең үздік кездесулердің бірі деп бағалады. Бұл жеңіс ол үшін ерекше маңызды болды. Себебі жарыс басталмай тұрып, шахматшы турнирді бірде-бір ұпай жинамай аяқтап қалудан қауіптенген.

2026 жылдың жазында Асаубаева әлемдегі ең мықты шахматшы әйелдердің бестігіне енді.

Бұған дейін шахматшы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да ашық үндеу жасаған. Ол халықаралық жарыстарға дайындықты қаржыландыру және Туризм және спорт министрлігімен өзара іс-қимыл мәселелерін көтерген. Осыдан кейін ведомство мен Қазақстан шахмат федерациясы жағдайға қатысты өз түсініктемелерін берген.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу

әрі қарай оқыңыз

Жаңалықтар →
келесі материалды жүктеудеміз