"Енді бала сүйе алмауым мүмкін": Ақтөбеде әйел стоматологтан зардап шекті
Не болды?
Ақтөбеде 37 жастағы Гүлжанат Құлмурзина жеке стоматологқа барғаннан кейін ауруханаға түсті. Енді оған бірнеше ота жасалуы мүмкін, деп хабарлайды Qumash.kz
Толығырақ
Зардап шеккен әйелдің айтуынша, стоматологтың қателігінен бірнеше тісінен айырылып, жүйкелері зақымданған. Енді оның ана болу мүмкіндігіне де қауіп төнген. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Гүлжанат Құлмурзина экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы ана болуға дайындалып жүрген. Процедура алдында тістерін емдетіп, ретке келтіргісі келген. Алайда әйелдің сөзінше, ота кезінде химиялық күйік алған. Оның салдары ауыр болған.
Ол клиниканың үстінен арыз жазған. Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталған.
Ресми түсініктеме
"Бұл жағдайда стоматологиялық көмекті орта медициналық білімі бар маман көрсеткен. Оның біліктілігі – тіс дәрігері. Ал стандартқа сәйкес, екінші деңгейде медициналық көмекті жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі керек", – деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті бөлімінің басшысы Нұрлыгүл Бисенова.
Стоматологқа қандай шара қолданылды?
Тіс дәрігеріне айыппұл салынды, ал клиникаға оны жұмыстан шеттету міндеттелді.
"Бүгін татуласу рәсімі өтуі керек еді. Бірақ олар келмеді, ешкім қатысқысы келмеді. Тіпті кешірім де сұрамады. Мен алдағы уақытта ЭКҰ арқылы жүкті болуды жоспарлаған едім. Енді ЭКҰ-ға бара алмаймын. Бала сүйе алмаймын", – деді Гүлжанат Құлмурзина.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу