"Бір тиынға да кем емес": Астанада автобус жолақысы қанша болады
Астана да бұл қатардан тыс қалмады.Бұған дейін елордада қалалық және қала маңындағы қоғамдық көліктердің жолақысы 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап өзгеретіні белгілі болған.
Астана әкімдігінің мәліметінше, электронды төлем кезінде қалалық маршруттар мен тұрақты әлеуметтік маңызы бар қатынастарда жолақы 150 теңге, ал экспресс-маршруттарда 300 теңге болады.
Қолма-қол ақшамен төлейтін жолаушылар үшін тариф бұдан жоғары:
-
қалалық маршруттар мен тұрақты әлеуметтік маңызы бар қатынастарда – 300 теңге;
-
экспресс-маршруттарда – 400 теңге.
Қала маңындағы бағыттарда да жолақы өзгереді. Қолма-қол ақшасыз төлем кезінде бір шақырымға 13 теңге, ал қолма-қол төлем кезінде 19 теңге белгіленеді.
Егер жолақыны электронды төлеу жүйесі жұмыс істемесе, жолаушылар қоғамдық көлікпен тегін жүре алады.
Айта кетейік, соңғы 12 жылда жолақы тарифі бір-ақ рет қайта қаралған.
Неліктен және қаншаға көтеру керек?
Тариф өскеннен кейін елордадағы көлік кәсіпорындарына бөлінетін қаражат жеткілікті бола ма, әлде автобус жолақысын тағы да көтеру қажет пе? Осыны анықтау үшін Qumash.kz тілшісі Астананың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына сауал жолдады.
"Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багаж тасымалдау тарифтерін есептеу әдістемесіне сәйкес жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша 2026 жылы бір сапардың орташа есептік құны қолданыстағы жолақыдан едәуір жоғары", – деп хабарлады ведомство.
Басқарманың мәліметінше, 2026 жылы Астананың қоғамдық көлігіндегі бір сапардың орташа есептік құны 500 теңгені құрайды. Бұл қазіргі 110 теңгелік тарифтен едәуір жоғары.
Басқарма түсіндіргендей, есепке тасымалдаушылардың негізгі шығындары енгізілген. Олардың қатарында жанармай, қосалқы бөлшектер, жаңа автобустар сатып алу және жүргізушілердің еңбекақысы бар.
Бұл шығындардың барлығы жыл сайын ақшалай мәнде өсіп келеді. Ал билеттерден түсетін кіріс пен нақты шығындар арасындағы айырмашылық бірнеше есе ұлғаюда. Әсіресе жолақы тарифінің көп жылдан бері өзгермегенін ескерсек, бұл алшақтық айқын көрінеді.
Осы айырмашылықты бұрын да, қазір де мемлекеттік субсидиялар өтеп келеді.
Мемлекет қанша қаражат бөледі?
2025 жылы Астана бюджетінде әлеуметтік маңызы бар ішкі бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға 60,63 млрд теңге қарастырылған.
2026 жылы бұл сома 71,34 млрд теңгеге дейін өскен.
Бекітілген субсидия көлемі мен іс жүзінде жұмсалған қаражат бірдей емес екенін ескеру керек. Сонымен бірге қала бюджеті шығыстарының жалпы орындалу көрсеткіші 99,3% болған. Бұл бюджет қаражатының игерілу көлемін шамамен бағалауға мүмкіндік береді.
Тағы не белгілі?
Qumash.kz редакциясының сауалына берген жауабында басқарма Астанада қоғамдық көліктегі жолақы 2024 жылы 90 теңгеден 110 теңгеге көтерілгенін еске салды. Оған дейінгі тариф 2014 жылдан бері өзгермеген.
Елордада билеттер бағасын қайта қарауға байланысты жеңілдік алушылардың тізімін немесе жеңілдіктер мөлшерін өзгерту жоспарланып отырған жоқ.
Айта кетейік, 2025 жылғы қазанда мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Астана мен Алматы автобустарындағы жолақы кемінде 500 теңге болуы керек деген пікір білдіргеннен кейін Қазақстанда қызу талқылау басталған еді.
"Қолданыстағы тарифтер тасымалдаушылардың шығындарын өтемейді, ал субсидиялау жүйесі қызмет сапасының жақсаруына кепілдік бермейді. Мемлекеттік субсидияларға қатысты тәсілді қайта қарап, жол жүру қашықтығын ескеру қажет", – деп жазды Байділдинов өзінің Telegram-арнасында.
Бұл ұсыныс әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Қала билігі мен депутаттар тарифті күрт көтеруге қарсы екенін ашық мәлімдеді.
Бірнеше күннен кейін Астана мен Алматы әкімдіктері жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру жоспарланбайтынын мәлімдеді.
Алайда талқылау мұнымен аяқталған жоқ. Бір аптадан соң Мәжіліс депутаттары да бұл ұсынысқа пікір білдірді. Ирина Смирнова 500 теңгелік тарифті шамадан тыс жоғары деп сынады. Елнұр Бейсенбаев көлік кәсіпорындарының шығынын жолаушыларға жүктеуге қарсы шығып, қоғамдық көлікті субсидиялауға мемлекет қатысуын жалғастыруы керек екенін айтты.
Басқа қалаларда жағдай қалай?
Әзірге қоғамдық көлік жолақысын көтеру қажеттігі туралы нақты мәлімдеме Шымкентте жасалғаны белгілі. Бұл қалада тариф соңғы он жыл бойы өзгермеген.
Бұған дейін Qumash.kz редакциясының сауалына жауап берген мегаполистің жолаушылар көлігі басқармасы жолақы қазір 70 теңге екенін және 2027 жылдың басынан бастап оны 100 теңгеге көтеру жоспарланып отырғанын хабарлаған.
"Қолданыстағы жолақы тасымалдаушылар шығындарының шамамен 12%-ын ғана өтейді. Ал 2026 жылы саланы субсидиялауға 44,8 млрд теңге қарастырылған", – деп мәлімдеді ведомство.
Кейін Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков те жолақыны көтеру қажеттігі туралы пікір білдірді.
"Қоғамдық көліктегі жолақыны 70 теңге деңгейінде ұстап тұра алмаймыз. Қарттар мен жастарға арналған жеңілдіктерді сақтаймыз, бірақ тарифті кемінде 100 теңгеге көтеру қажет. Өйткені шығындардың арасындағы айырмашылықты мемлекеттік субсидиялар есебінен өтеп келеміз, ал шығындар өсіп жатыр", – деді ол.
Әкім қала тұрғындары автобустардың лық толы болуына жиі шағымданғанымен, қолданыстағы жүйе бұл мәселені толық көрсетпейтінін де атап өтті.
"Біз жолаушыларды жолақы төлемі бойынша есептейміз. Мысалы, 100 адамның тек 50-і жолақысын төлесе, жүйеде тек сол 50 адам көрсетіледі. Сонда біздің дерек бойынша, 50 адамға арналған автобус жеткілікті болып шығады. Мәселе осында", – деді Сыздықбеков.
Ал Алматыда тұрғындар автобустардың толып кететініне жиі шағымданғанымен, соңғы ресми мәлімдемеге сәйкес, билік әзірге қоғамдық көлік тарифін өзгертуді жоспарлап отырған жоқ.
2026 жылғы 20 мамырда мегаполистің Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев журналистерге тарифті көтеру мәселесі қазір қарастырылып жатпағанын түсіндірді. Оның орнына қала билігі тасымал сапасы мен тасымалдаушылардың тәртібіне назар аудармақ.
Қазір Алматыда қолма-қол ақшасыз төлем арқылы бір рет жүру құны – 120 теңге. Бұл тариф 2024 жылғы 3 тамыздан бері қолданылады.
Qumash.kz редакциясы осы мәлімдемені қазіргі жағдайға қатысты нақтылау үшін қаланың Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасына сауал жолдады. Жауап күтілуде.
Соңында
Жанармай бағасының өсуі Қазақстандағы қоғамдық көлік жолақысының одан әрі қымбаттауына себеп болуы мүмкін. Еске салайық, 2026 жылғы сәуірде АИ-92 бензинінің бағасын көтеруге қойылған мораторий аяқталғаннан кейін жанармай құю бекеттеріндегі баға біртіндеп өсе бастады. Маусымда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бензиннің 3–4 теңгеге қымбаттағанын айтқан болатын.
Тасымалдаушылардың шығындарына өндірушілер бағасының өсуі мен жанармай акциздерінің ұлғаюы да әсер етеді. 2026 жылғы мамырда өндірушілердің бензин бағасы бір жылда 15,6%-ға қымбаттады, ал тамызда бензин мен дизель отынына акциздер өсті. Автобус парктері үшін бұл маршруттарға қызмет көрсету шығындарының артуын білдіреді. Дегенмен жолақының түпкілікті құны басқа шығындарға және мемлекеттік субсидия көлеміне де байланысты.
Сонымен бірге жанармайдың қымбаттауы автобус тарифінің автоматты түрде өсуіне әкелмейді. Бұл шешім жергілікті билікке және тасымалдаушылардың қаржылық жағдайына байланысты. Алайда көлік кәсіпорындарының шығындары өсе берсе, жолақыны қайта қарау мәселесі қайта көтерілуі мүмкін.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу