93 млрд теңгелік Smart City: Астана "Сергектің" орнына не алды?

коллаж
Фото Qumash/ ЖИ
Астанада 10 мың жаңа камера мен жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 502 кешен орнатылды, деп хабарлайды Qumash.kz

Жобаға салынған инвестицияның 88%-ын қазақстандық компаниялар орындаған.

Астана әкімдігі Presight AI Kazakhstan Ltd. компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Astana Smart City жобасы туралы жаңа мәліметтерді жариялады. Qumash.kz редакциясының сауалына берген жауабында Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы жеке серіктестің жобаға іс жүзінде 53 млрд теңге салғанын, барлық жаңа камералар мен кешендердің орнатылғанын, ал инвестициялық бөліктегі жұмыстардың 88%-ын қазақстандық компаниялар орындағанын хабарлады.

Алайда жүйе әлі толыққанды өнеркәсіптік пайдалануға берілген жоқ: ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексеріліп жатыр. Жобаның жалпы құнына қатысты егжей-тегжейлі есептер, соның ішінде жол ережесін бұзуды тіркейтін бір кешеннің бағасы жарияланбады. Әкімдік мұны қаржылық-экономикалық модельдің құпиялылығымен түсіндірді.

Astana Smart City жобасы Астанада 2025 жылы келісімшарты ұзартылмаған бұрынғы "Сергек" жүйесінің орнына іске асырылып жатыр.

Ресми түсіндірмеде бұл шешім жасанды интеллект қолданылатын ауқымды Smart City жобасына көшу қажеттілігімен байланыстырылған. Дегенмен Цифрландыру басқармасы Qumash.kz редакциясына берген жауабында бұрынғы оператордың тарапынан заңбұзушылықтар болғанын айтпады және серіктесті ауыстыруға жүйенің жұмысына қатысты шағымдар себеп болғанын мәлімдемеді.

Енді қалалық бейнебақылау және құқықбұзушылықтарды тіркеу инфрақұрылымы Біріккен Араб Әмірліктерінің G42 холдингіне кіретін Presight халықаралық компаниясымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дамып жатыр.

Smart City жобасының нақты құны қанша?

Астананың Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы жобаның жалпы құны 93,2 млрд теңге екенін хабарлады. Бұл сома екі бөліктен тұрады:

  • шамамен 53 млрд теңге – инфрақұрылымды құруға арналған инвестициялық шығындар;

  • шамамен 40 млрд теңге – бес жыл ішіндегі операциялық және әкімшілік шығындар.

Жоба тек камералар сатып алумен шектелмейді. Оған жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалық платформа, бұрын орнатылған инфрақұрылымды жаңғырту, деректерді өңдеу орталығын салу, Бірыңғай ахуалдық орталық құру және жүйеге кейінгі техникалық қызмет көрсету кіреді.

Редакцияға жобаның түпкілікті құны қалай есептелгенін көрсететін толық қаржылық-экономикалық модель ұсынылмады.

"Жобаның құнын егжей-тегжейлі есептеу мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартының құрамдас бөлігі болып табылатын бизнес-жоспар мен қаржылық-экономикалық модельде көрсетілген. Осыған байланысты аталған құжаттарға шартта көзделген құпиялылық талаптары қолданылады", – делінген басқарманың жауабында.

Ведомство бизнес-жоспар, қаржылық-экономикалық модель және өзге де материалдар заңнамада белгіленген қарау, сараптау және келісу рәсімдерінен өткенін қосты.

Алайда жауапта жүйенің әрбір құрамдас бөлігі қанша тұратыны көрсетілмеген. Мысалы, жеке камераның, бағдарламалық қамтамасыз етудің, жол ережесін бұзуды тіркейтін бір кешеннің, деректерді өңдеу орталығының немесе инфрақұрылымға қызмет көрсетудің бағасы белгісіз. Мұндай деректер жұмсалған қаржыны орындалған жұмыстар көлемімен тәуелсіз салыстыруға мүмкіндік берер еді.

53 млрд теңге салынды, бірақ бюджеттен өтемақы төленбеген

Тағы бір маңызды мәселе – жобаның қалай қаржыландырылатыны және жеке серіктес салған қаражатты қашан қайтаратыны.

Басқарманың мәліметінше, 53 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық шығынды Presight AI Ltd. өз қаражаты есебінен іс жүзінде толық салған. Алайда жауап әзірленген кезде Астана бюджетінен бұл шығындардың өтемақысы төленбеген.

"2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша жобаға іс жүзінде 53 млрд теңге салынды", – делінген нақты инвестиция көлемі туралы сұраққа берілген жауапта.

Инвестицияны өтеу бес жылға жоспарланған. Басқарманың түсіндіруінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нысаны құрылып, белгіленген тәртіппен қаланың коммуналдық меншігіне берілгеннен кейін өтемақы тең үлестермен төленеді.

Өтемақы көзі – Астананың жергілікті бюджеті. Ал операциялық шығындар шарт талаптарына сәйкес және қызметтер тиісінше көрсетілген жағдайда төленеді.

Басқарма төлемдердің жол қозғалысы ережелерін бұзудың анықталған санына немесе өндірілген айыппұл сомасына байланысты еместігін де атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, әкімшілік айыппұлдардан түскен барлық қаражат мемлекеттік бюджетке аударылады.

"Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартында жеке серіктестің міндеттемелерін орындауына қарамастан, оған сөзсіз кепілдендірілген төлемдер жасау көзделмеген", – деп хабарлады басқарма.

Ведомствоның мәліметінше, инфрақұрылымның жұмыс істеуіне жауапкершілік жеке серіктеске жүктелген. Міндеттемелер тиісінше орындалмаған жағдайда санкциялар қарастырылған.

Яғни қала инвестициялық шығындарды өтеп, жүйеге қызмет көрсеткені үшін айыппұлдар есебінен емес, жергілікті бюджеттен төлейді. Бірақ сыйақыны есептеудің нақты формуласы мен қаржылық модель редакцияға ашылмаған.

Астана бұл қаражатқа не алды?

Жобаның инвестициялық бөлігіне бірнеше ірі компонент кіреді:

  • жасанды интеллект негізіндегі қаланы басқарудың цифрлық платформасы;

  • 2 500 нысанға орнатылған, бейнежазбаларды жасанды интеллект арқылы талдайтын 10 мың жаңа камера;

  • басқа ұйымдарға тиесілі 5 мың камераны жүйеге біріктіру;

  • жол қозғалысы ережелерінің 15-тен астам түрдегі бұзушылығын тіркейтін 502 жаңа TRC 1015 бағдарламалық-аппараттық кешені;

  • қаладағы алғашқы деректерді өңдеу орталығын салу;

  • Бірыңғай ахуалдық орталық құру;

  • бұрын орнатылған бейнебақылау инфрақұрылымын жаңғырту.

Басқарманың ақпараты бойынша, 10 мың жаңа камераның барлығы орнатылып, басқа ұйымдардың 5 мың камерасы жобаға біріктірілген. Сондай-ақ 502 TRC 1015 кешенінің бәрі орнатылған.

Алайда жабдықтардың орнатылуы бүкіл жүйенің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын білдірмейді.

Жауапта ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті тексеру және сынақтан өткізу рәсімдері жалғасып жатқаны айтылған. Тек тексеру аяқталып, анықталған ескертулер жойылып, заңнама талаптарына сәйкестігі расталғаннан кейін жүйе өнеркәсіптік пайдалануға беріледі.

Тексеруді "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ жүргізіп жатыр. Жауап әзірленген кезде оның қорытынды нәтижелері әлі алынбаған.

"Қазіргі уақытта ақпараттық жүйенің белгіленген ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру аяқталуға жақын", – деп хабарлады басқарма.

Тексеру барысында қандай да бір ескертулер немесе бұзушылықтар анықталғаны туралы сұраққа ведомство рәсім әлі аяқталмағандықтан, түпкілікті нәтиже жоқ екенін айтты.

Осылайша, жабдықтар орнатылып, мәлімделген инвестициялар салынғанымен, жүйенің толық дайын екеніне және мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізгеніне қатысты түпкілікті бағалау әлі алда.

"Сергек" жүйесіне не болды?

Astana Smart City іске қосылғанға дейін Астанада 2017 жылдан бері "Сергек" жобасы жұмыс істеп келді. 2025 жылғы ақпанда бұрынғы оператордың келісімшарты ұзартылмайтыны және жаңа жоба G42 халықаралық холдингіне кіретін Presight компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатыны белгілі болды.

Бұл бұрынғы камералардың барлығы алынып тасталып, орнына шетелдік жабдықтар қойылды дегенді білдірмейді.

Qumash.kz редакциясының сауалына берген жауабында Цифрландыру басқармасы бұрын орнатылған камералар мемлекеттік меншікте қалғанын және қалалық бейнебақылау жүйесінде жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады.

"Бұрын орнатылған 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы мемлекеттік меншікте болған және солай болып қала береді. Олар жұмыс істеп тұр әрі қолданыстағы жоба аясында қалалық бейнебақылау жүйесінде пайдаланылады", – делінген құжатта.

Ведомство қолданыстағы жүйеде Қытайдың Dahua компаниясы шығарған жабдықтар да бар екенін нақтылады. Бұрын орнатылған шамамен 10 мың камера қалалық инфрақұрылымда қолданыла береді.

Бұрынғы мүлік жеке серіктестің меншігіне немесе сенімгерлік басқаруына берілмеген. Басқарманың мәліметінше, ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты аясында пайдалану және жұмысын қамтамасыз ету үшін берілген, ал мемлекеттік меншік құқығы сақталған.

"Presight AI Ltd. компаниясымен сенімгерлік басқару шарты жасалған жоқ. Жоба 2025 жылғы 14 ақпандағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты негізінде жүзеге асырылып жатыр", – деп хабарлады басқарма.

Бұл – маңызды жайт. Presight қалалық инфрақұрылымды пайдалануға және жаңғыртуға қатысады, бірақ басқарманың жауабына сәйкес, бұрын бюджет қаражатына сатып алынған камералардың иесі болмайды.

Сонымен қатар жаңа жоба аясында белсенді желілік, серверлік және есептеу жабдықтары жаңғыртылып, жаңа қалалық деректерді өңдеу орталығына орналастырылған.

Неліктен TRC 1015 отандық өнім деп аталады?

Редакция жаңа жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеу кешендерінің қай елде өндірілетіні туралы да сұрады. Басқарма TRC 1015 технологиясын Presight AI Ltd. әзірлегенін, ал өндірісі мен құрастырылуы Қазақстанда ұйымдастырылғанын хабарлады.

Жауапқа сәйкес, нақты өндірісті Presight AI Kazakhstan Ltd. компаниясымен жасалған OEM келісімі аясында "Seven Hills of Kazakhstan" ЖШС жүзеге асырады. Бұл ретте бренд пен өнім өндірушісі мәртебесі Presight AI Kazakhstan Ltd. компаниясымен байланысты.

"TRC 1015 кешенінің технологиялық әзірлемесін Presight AI Ltd. жүзеге асырды. Сонымен қатар жобаны іске асыру барысында жергілікті өндіріс үлесін арттыру мақсатында отандық компаниялар мен мамандарды тарта отырып, кешенді өндіру және құрастыру жұмыстары Қазақстан аумағында ұйымдастырылды", – деп түсіндірді басқарма.

Алайда барлық құрамдас бөлшек Қазақстанда өндірілмейді.

Импортталатын компоненттерге бір платалы компьютер, машиналық көру камерасы және радар жабдығы жатады. Ведомство мұндай компоненттерді өндіру Қазақстанда жолға қойылмағанын түсіндірді.

Басқарманың мәліметінше, қалған элементтерді дайындау, құрылымдық бөлшектерді шығару, құрастыру, біріктіру және баптау жұмыстары ел аумағында жүргізіледі.

Сонымен бірге жауап берілген кезде "Seven Hills of Kazakhstan" ЖШС Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізіліміне енгізілу рәсімінен әлі өтіп жатқан. Сондықтан ол кезде компанияның ресми тіркелген отандық тауар өндіруші мәртебесін растау мүмкін болмаған.

Демек, TRC 1015 кешеніне қатысты технологияны әзірлеу, жекелеген компоненттерді өндіру, жабдықты құрастыру және қазақстандық тауар өндіруші мәртебесінің ресми расталуы – бір-бірінен бөлек ұғымдар.

Жұмыстың 88%-ын қазақстандық компаниялар орындаған. Бірақ қайсысы?

Жоба таныстырылған кезде Presight жалпы жұмыс көлемінің 60%-ын қазақстандық компаниялар орындайтынын мәлімдеген. Енді Цифрландыру басқармасының мәліметінше, бұл көрсеткіш одан да жоғары.

"Қазіргі уақыттағы жағдай бойынша жобаның инвестициялық бөлігі аясындағы жұмыстар көлемінің шамамен 88%-ын қазақстандық компаниялар орындады. Бұл бастапқыда мәлімделген көрсеткіштен жоғары", – делінген жауапта.

Алайда басқарма бұл жұмыстарды орындаған компаниялардың тізімін, олардың рөлдері мен атқарған жұмыстарының көлемін ұсына алмады.

Ведомство мердігерлерді, жеткізушілерді және өзге орындаушыларды жеке серіктес өзінің қаржылық-шаруашылық қызметі аясында таңдайтынын түсіндірді. Мемлекеттік серіктес нақты орындаушыларды таңдауға қатыспайды және тартылған компаниялардың толық тізімі мен әрқайсысының жұмыстары туралы егжей-тегжейлі ақпаратқа ие емес.

Сондықтан редакция нақты қандай қазақстандық кәсіпорындардың тапсырыс алғанын, жабдықтардың қандай бөлігін жеткізгенін және қаражаттың жергілікті әрі шетелдік қатысушылар арасында қалай бөлінгенін тексере алмады.

88% көрсеткішінің өзін де нақтылау қажет: жауапта жобаның жалпы құны 93,2 млрд теңге болатын барлық міндеттемелердегі қазақстандық компаниялардың үлесі емес, инвестициялық бөліктегі орындалған жұмыстардың көлемі туралы айтылған.

Қалалық камералардан алынған деректер қайда сақталады?

Редакция жеке деректердің қорғалуы және шетелдік компанияның бейнеағындарға қол жеткізу мүмкіндігі туралы да сұрады.

Басқарманың мәлімдеуінше, Presight AI және онымен байланысты шетелдік компаниялар жүйенің бейнеағындары мен архивтік бейнежазбаларына қол жеткізе алмайды. Ведомствоның ақпараты бойынша, Астанадан тыс жерде отырып мұндай деректерге қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылмаған.

"Жүйе жеке деректерге қол жеткізбейді, оларды сақтамайды және өңдемейді. Жүйе өңдейтін бейне деректер Астана аумағынан тыс жерге берілмейді", – делінген жауапта.

Ведомство бейне деректер Астана аумағындағы деректерді өңдеу орталығының қорғалған контурында өңделіп, сақталатынын нақтылады. Жүйеге қол жеткізу тиісті рұқсаты бар уәкілетті пайдаланушыларға ғана беріледі. Бұл ретте белгіленген қол жеткізу құқықтары мен ақпараттық қауіпсіздік талаптары ескеріледі.

Сондай-ақ жауапқа сәйкес, жеке серіктес бейне деректерді өз бетінше сақтауға, өз мақсатында пайдалануға, көшіруге, жүктеп алуға немесе үшінші тұлғаларға беруге құқылы емес.

Бұл мәлімдемелер басқарманың ұстанымын көрсетеді. Алайда жауап әзірленген кезде ақпараттық қауіпсіздіктің түпкілікті тексеруі әлі жалғасып, оның нәтижелері рәсімделмеген болатын.

Smart City тиімділігін қашан бағалауға болады?

Басқарманың пікірінше, Smart City жобасын бұрынғы "Сергек" жүйесімен тікелей салыстыру дұрыс емес. Себебі жаңа жоба әлдеқайда ауқымды: ол қоғамдық қауіпсіздікті, интеллектуалды бейнебақылауды, көлік қозғалысын бақылауды және қалалық жүйелерді біріктіруді қамтиды.

Жобаның жарияланған мақсаттарының қатарында қылмыс пен жол-көлік оқиғаларын азайту, құқықбұзушылықтарды анықтау тиімділігін арттыру, оқиғаларды өңдеу уақытын қысқарту және қалалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бар.

Ведомствоның мәліметінше, айыппұлдар санын көбейту немесе оларды өндіріп алу көрсеткішін арттыру жобаның жеке мақсаты болып саналмайды.

Мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілгенін түпкілікті бағалау 2026 жылдың қорытындысы бойынша жүргізіледі деп жоспарланған. Жинақталған деректер негізінде жаңа платформаның қауіпсіздік пен қаланы басқаруды бұрынғы жүйемен салыстырғанда қаншалықты жақсартқанын бағалауға болады.

Presight AI Kazakhstan компаниясының артында кім тұр?

Astana Smart City жобасына қатысатын Presight AI Kazakhstan Ltd. компаниясы Қазақстанда 2023 жылғы 12 мамырда тіркелген. "Астана" халықаралық қаржы орталығының тізіліміндегі мәліметтерге сәйкес, компанияның негізгі қызметі – жасанды интеллект негізіндегі үлкен деректерді талдау платформаларын ұсыну. Тізілімде компанияның жалғыз акционері ретінде Presight AI Ltd. көрсетілген.

Тізілім бойынша, 2025 жылғы 13 ақпаннан бастап қазақстандық компанияның директоры әрі бас директоры – Рагхупати Рамадорай Майюр (Raghupathy Ramadorai Meyoor). Оған дейін бұл қызметтерді Рашед Мохамед Алькук атқарған.

Бас компания Presight AI Ltd. Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген және жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау саласындағы шешімдер әзірлеуге маманданған. Ол G42 технологиялық тобына кіреді. Presight компаниясын 2022 жылдан бері Томас Прамотедхам басқарады.

Бұл жерде қазақстандық заңды тұлға мен халықаралық топты ажырата білу маңызды: Қазақстандағы жобаға қатысушы ретінде Presight AI Kazakhstan Ltd. көрсетілген, ал оның бас компаниясы Presight AI Ltd. технологияларды әзірлеумен және жобаны қаржыландырумен байланысты.

Жоба 2025 жылғы 14 ақпанда жасалған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Қандай сұрақтар жауапсыз қалды?

Біріншіден, редакцияға жобаның егжей-тегжейлі қаржылық-экономикалық моделі, соның ішінде жекелеген компоненттер мен бір TRC 1015 кешенінің құны берілмеді.

Екіншіден, инвестициялық бөліктегі жұмыстардың мәлімделген 88%-ын орындаған қазақстандық компаниялар аталмады. Әр мердігердің атқарған жұмыстарының көлемі де ашылмады.

Үшіншіден, жауап әзірленген кезде ақпараттық қауіпсіздік тексеруі мен платформаны өнеркәсіптік пайдалануға енгізу үшін қажет рәсімдер аяқталмаған еді.

Жаңа жүйенің тиімділігін "Сергекпен" салыстырып бағалау әзірге мүмкін емес. Мақсатты көрсеткіштердің қорытындысы 2026 жылдың соңында жарияланады деп күтіледі.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.

Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz

Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу
мұны да оқыңыз

Мәтінді енгізіп, Enter басыңыз немесе іздеуден бас тарту үшін Esc басыңыз