Мемлекеттен жұмыссыздық бойынша төлемді қалай алуға болады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс іздеуді неден бастау керегін және азаматтарға қандай қолдау шаралары қолжетімді екенін түсіндірді.
"Қазақстанда азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін шаралар кешені бар. Оған жұмыс іздеуге көмектесу, кәсіби оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру және тиісті құқығы болған жағдайда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау кіреді", – деп еске салды ведомство.
Жұмыстан шыққаннан кейін неден бастау керек?
Алдымен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу қажет. Мұны бірнеше жолмен жасауға болады:
-
тұрғылықты жердегі мансап орталығына жүгіну;
-
eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы тіркелу;
-
Enbek.kz электрондық еңбек биржасын пайдалану.
Тіркелгеннен кейін мансап орталығының мамандары үміткердің мамандығын, тәжірибесін, біліктілігін, қалаған жалақысын және басқа да талаптарын ескере отырып, бос жұмыс орындарын ұсынады.
"Егер әзірге лайықты жұмыс табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, оған жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін қосымша шаралар ұсынылады", – деп түсіндірді Еңбек министрлігі.
Мұндай шараларға жаңа мамандық алу үшін кәсіби оқудан өту, субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу және жұмыс табуға мүмкіндік бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару кіреді.
Жұмысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақыны кім ала алады?
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті талаптарға сай келетін қазақстандықтарға жаңа жұмыс іздеу кезеңінде әлеуметтік төлем қарастырылған.
Төлем мөлшері әр адамға жеке есептеледі. Бұл ретте әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс пен адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы ескеріледі.
Алайда жұмыстан шыққан әр адамға төлем автоматты түрде тағайындалмайды. Оны алу құқығы белгіленген талаптардың орындалуына байланысты.
Төлемдерде не өзгереді?
Бұған дейін 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық жоба аясында төлем алуға құқығы бар азаматтарға жаңа шектеулер енгізілетіні хабарланған. Қолдау көрсетудің ең ұзақ мерзімі үш айды құрайды, ал төлем мөлшері белгіленген шекті деңгейден аспайды.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, төлемнің ұзақтығы адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты. Атап айтқанда:
-
сақтандыру жүйесіне қатысу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін болса, төлем бір айға тағайындалады;
-
12 айдан 24 айға дейін болса, екі ай төленеді;
-
24 айдан асса, үш айға тағайындалады.
Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Жұмыссыз мәртебесін бермес бұрын лайықты жұмыс іздеу мерзімін екі күннен 13 күнге дейін ұзарту ұсынылған. Осы уақыт ішінде мансап орталықтары үміткердің дағдыларын бағалап, лайықты бос жұмыс орындарын таңдап, қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен байланыса алады.
Еңбек министрлігі бұл өзгерістердің мақсаты азаматтарға көрсетілетін көмекті нақтылап, оларды тұрақты жұмыспен қамтуға қайта оралуға бағыттау екенін түсіндіреді.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу