Маңғыстау жағалауынан бекіре тұқымдас 173 балықтың өлексесі табылды
Балықтар жағаға шығып қалған
Каспий теңізінің Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы жағалауынан бекіре тұқымдас 173 балықтың өлексесі табылғаны белгілі болды. Lada.kz басылымының жазуынша, 20 қазанда қызмет мамандары балық инспекциясының өкілдерімен бірге жағалаудың резервтік учаскелерін тексерген.
Не анықталды?
Балық инспекциясы басқармасының мәліметінше, өлекселер бір жерге шоғырланбаған. Өлі балықтар жағалаудың ұзындығы 15 шақырымға созылған аумағына шашырап жатқан.
"Кей жерлерде үш-төрт балықтан, ал кей тұстарда одан да көп өлекселер табылды. Бекіре тұқымдас балықтардың өлекселері табиғи мумиялану сатысында, яғни толықтай кеуіп кеткен. Осыған байланысты гистологиялық және токсикологиялық талдау жүргізу үшін жұмсақ тіндерден сынама алу мүмкін емес. Сондықтан балықтардың қырылу себебін анықтау мүмкін болмай отыр", – делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар балықтардың денесінде ау торларынан қалған іздер мен ауыз қуысында қармақтан пайда болған тесіктер болмағаны нақтыланды.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу