Арыс әкімінің ұлымен болған апатта екі аяғынан айырылған студент өтемақы ала ма

фото
Фото Qumash
Апат 2026 жылғы мамырдың соңында болған. Қыркүйекте кінәліге қатысты қылмыстық істің рақымшылық туралы заң негізінде тоқтатылғаны белгілі болды.

Соған қарамастан, зардап шеккен студентке өтемақы төлене ме деген сұрақ ашық қалды. Осыған байланысты Qumash.kz редакциясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.

"Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру рақымшылық актісіне байланысты тоқтатылды. Қабылданған шешімді қадағалаушы орган заңды деп таныды. Сонымен қатар қылмыстық істің ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылуы адамды жәбірленушіге келтірілген зиянды өтеу міндетінен босатпайды", – делінген министрліктің жауабында.

ІІМ жауабынан жол апатына кінәлі адамның зардап шеккен студентке өтемақы төлеуге міндетті екені аңғарылады. Алайда оның нақты мөлшері жарияланбаған.

Не болды?

Жол апаты 29 мамырда сағат 21:00 шамасында Астана – Павлодар тасжолында, Төрткүдік ауылы маңында болған. Арыс қаласы әкімінің 22 жастағы ұлы Қайсар Манқараев басқарған Hyundai Tucson көлігі тізгінге ие бола алмай, жолдың қоршауына соғылған.

Соқтығыс салдарынан көліктегі жолаушы, 21 жастағы студент ауыр жарақат алды. Жас жігіт көліктен өздігінен шыққанымен, кейін дәрігерлер оның екі аяғын да ампутациялауға мәжбүр болған.

Жас жігіттің денсаулығын қалпына келтіру оңайға соқпады. Ол клиникалық өлімді бастан өткеріп, бірнеше апта емделді және күрделі оталардан өтті.

"Жол апаты салдарынан інім екі аяғынан айырылды. Алда оны өмір бойы оңалту, қымбат протездер, үздіксіз емделу, медициналық бұйымдар, күтім және қалыпты өмірге оралу үшін күрес күтіп тұр", – деді зардап шеккен жігіттің әпкесі.

Одан кейін не болды?

Апат кезінде көлік жүргізген жас жігіт алдымен ұсталған. Кейін зардап шеккен студенттің туыстарының айтуынша, оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Жол апатына кінәлі деп танылған адамның әкесі, Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараев істі қарау барысында қызметтік өкілеттігін жеке мүддесіне пайдаланбайтынын мәлімдеген.

"Мен ешқашан қызметтік өкілеттігімді жеке мүддем үшін пайдаланған емеспін және пайдалануды да ойламаймын. Тергеу барысына немесе іс бойынша қабылданатын процестік шешімдерге ықпал етуге ешқандай әрекет жасамағанымды және жасамайтынымды жауапкершілікпен мәлімдеймін. Заң бәріне ортақ. Бұл қағида менің отбасы мүшелеріме де бірдей қолданылады", – деп түсіндірді ол.

2026 жылғы 16 қыркүйекте қылмыстық іс 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық туралы заң негізінде тоқтатылды. Іс материалдары Екібастұз прокуратурасына жолданып, сол жерде шешім бекітілген.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.

Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz

Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу
мұны да оқыңыз

Мәтінді енгізіп, Enter басыңыз немесе іздеуден бас тарту үшін Esc басыңыз