$ € ₽
сайгаки, отстрел
жаңалықтар

Ақбөкен еті өтпей жатыр: қазақстандықтардың сұранысы неге төмендеді

Қазақстандықтар киік етін бұрынғыдай белсенді сатып алмайды. Соның салдарынан өнімді өңдейтін кәсіпорындар өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр болған.
Фото Qumash

Дегенмен сұраныс артса, кейбір өңірлерде өндірістік желілерді іске қосуға дайын кәсіпорындар бар. Бұл туралы 23 қарашада Құрылтайда өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді.

Журналистер бұған дейін билік Қазақстанның жеті өңірінде киік етін өңдейтін өндіріс орындарын ашу жоспарын жариялағанын еске салып, бастаманың қаншалықты жүзеге асқанын сұрады.

Вице-министрдің айтуынша, киік етін өңдеу жұмыстары 2025 жылы басталған. Бұл іске ірі кәсіпорындар, соның ішінде Батыс Қазақстан облысындағы "Кублей" компаниясы да қосылған. Өнімді ішкі нарықта сату қолға алынғанымен, тұтынушылар тарапынан сұраныс күткендегідей болмаған.

"Өткен жылы киік етін өңдеумен айналысып, өнімді ішкі нарықта сата бастадық. Алайда ішкі нарықтағы сұранысқа қатысты мәселелер туындады. Соған байланысты биыл сұраныстың төмендеуіне орай өңдеу көлемі де қысқарды", – деді Назгүл Хатепова.

Оның мәліметінше, қазір киік етін өңдеумен тағы бір кәсіпорын айналысады. Ал басқа өңірлерде өндірісті кеңейту мәселесі тұтынушылар сұранысына байланысты шешіледі.

Журналистер вице-министрдің өзінен киік етін жеп көрген-көрмегенін де сұрады. Назгүл Хатепова бұл сұраққа теріс жауап берді.

Киік еті неге өтпей қалды?

Киік етінен дайындалған өнімдерді өткізу мәселесі алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. 2026 жылдың шілдесінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов өңдеу кәсіпорындарының қоймаларында сатылмаған консервілер қоры жиналып қалғанын айтқан еді.

Оның сөзінше, бастапқыда қазақстандықтар киік етін белсенді сатып алғанымен, уақыт өте келе бұл өнімге деген қызығушылық төмендеген.

Сол кезде вице-министр өнімді өткізудің бір жолы ретінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін компанияларға мемлекеттік сатып алу арқылы жеткізуді ұсынған. Ал санитариялық талаптарға байланысты киік етін балалар мекемелеріне жеткізу жоспарланбаған.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу

әрі қарай оқыңыз

Жаңалықтар →
келесі материалды жүктеудеміз