Алматыда № 118 автобусындағы адам кептелісі тұрғындардың наразылығын тудырды
Алматылықтардың бір бөлігі өмірлік махаббатын іздеп жүрсе, енді бірі автобустан бос орын таба алмай әлек. Бұл – реалити-шоу емес, жұмысқа жетудің өзі экстремалды сынаққа айналған Алматыдағы кәдімгі таңғы көрініс.
Қала тұрғыны Threads желісінде № 118 автобустағы адам төзгісіз кептеліске шағымданды. Оның айтуынша, таңғы сағат 07:30–да жолаушылар автобусқа сыймай, кейбірі баспалдақта тұрады, ал есіктер жабылмай қалады. Салонда ауа жетіспейді, айнала толған шынтақ пен өзгенің сөмкесі. Жолаушылардың бар ойы – жұмысқа аман-есен жету.
"Күн сайын жұмысқа шығамын да, өзімді заманауи мегаполистің тұрғыны емес, консерві қалбырына нығыздап салған мал сияқты сезінемін", – деп жазды қала тұрғыны.
Жазба авторы билік тұрғындарды қоғамдық көлікке көшуге шақырғанымен, қарбалас уақытта жолаушылардың салоннан орын алу үшін күресуге мәжбүр екенін сынға алды. Сондай-ақ ол маршрутқа ұзын, гармошка тәрізді автобустар шығаруды және қозғалыс аралықтарын реттеуді ұсынды.
Жазба астындағы пікірлерден әзірге лық толы автобуста қалай тыныс алуға болатыны туралы жеке байқау ұйымдастыруға да болар еді. Дегенмен мәселе "Алматы көлігі" компаниясының да назарынан тыс қалмаған.
Компания өкілдері қазіргі уақытта қарбалас уақытқа арналған автобус қозғалысының кестесін әзірлеп жатқанын хабарлады.
"№ 118 автобус маршрутының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және аялдамаларда жолаушылардың күту уақытын ұлғайтпау мақсатында қазіргі уақытта қарбалас уақыттағы қозғалыс кестелері әзірленіп жатыр. Бұл шара қозғалыс аралықтарын оңтайландыруға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған", – деп жауап берді "Алматы көлігі".
Жауап үміт ұялатады. Бірақ кестелер әзірге дайын болмайынша, жолаушылар таңғы "тетрис" ойынын жалғастыра бермек. Ең бастысы – автобусқа кіріп үлгеру, тепе-теңдікті сақтау және аялдамаға жеткенде есікке қарай сығылысып өту.
Алматы заманауи мегаполис атануға ұмтылып жатқанымен, кейбір автобустардағы таңғы көрініс Мумбайды еске салады. Мұнда мәселе экзотикада емес, бір шаршы метрге сыйған адам санында.
Қоғамдық көлік қаладағы қозғалысты жеңілдетіп, ауаны тазартуға көмектесуі керек. Ал жолаушыларды ауа жетпейтін салонда бір жұтым ауаға зар қылмауы тиіс.
Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу