$ € ₽
Satbayev University, Ержан Кульдеев
жаңалықтар

Satbayev University-де ғалымдар үш айдан бері жалақы алмаған: себебі неде?

Университеттің ғылыми топтарында жұмыс істейтін қызметкерлердің айтуынша, соңғы жалақы тамызда төленген.
Фото Qumash, ЖИ

Олар төлемнің кешігуін проректор Ержан Күлдеевтің ұсталуына қатысты жағдаймен байланыстырады.

Тамыздан бері жалақы төленбеген бе?

Qumash.kz редакциясының ботына Satbayev University ғылыми топтарының біріндегі қызметкерлерге жалақы төлеу мәселесі туралы оқырман хабарласты. Оның айтуынша, мұндай ғылыми топтар шамамен 8–10 адамнан тұрады. Олар университет жанындағы жеке жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы жұмыс істейді.

Өтініш авторы өзін және ғылыми топтың атауын жарияламауды сұраған. Ол деректері ашылып қалса, өзін оңай танып қоюы мүмкін екенін айтқан. Редакция ақпарат берген адамның анонимдігін сақтады.

Оқырманның сөзінше, проректор Ержан Күлдеевке қатысты оқиғадан кейін ғылыми топ қызметкерлері үшінші ай қатарынан жалақы алмаған.

"Соңғы жалақы тамызда берілді. Ғылыми топтардың жетекшілері қаржы бөлінбей жатқанын айтып, министрлікке сілтеме жасайды. Мұның Күлдеевке қатысты жағдайға байланысты екені туралы әңгімелер бар. Айтпақшы, осы ЖШС-лардың басшыларының өздері де әлі жалақы алмаған", – деді оқырман.

Бұған дейін де жалақы кешіктірілген

Өтініш авторының айтуынша, университеттегі төлемдердің кешігуі бұған дейін де болған. Сондықтан қазіргі жағдай қызметкерлердің алаңдаушылығын күшейтіп отыр.

"Мысалы, биыл және өткен жылы қаңтар мен ақпан айларында жалақы төленбей, наурызда бірден үш айдың ақшасы түскен жағдай болды. Бірақ кешіктірілгені үшін ешқандай өсімпұл төленбеді. Енді алдағы қаңтар мен ақпанда да осындай жағдай қайталанады деп күтіп отырмыз", – деді ол.

Сұхбаттасушының айтуынша, қызметкерлер арасында жалақыға арналған қаражат төлем жасалғанға дейін депозитке салынуы мүмкін деген әңгіме де тараған. Алайда редакцияда бұл ақпаратты растайтын құжаттар жоқ. Сондықтан университет қаражатты осылай пайдаланып отыр деп нақты айтуға негіз жоқ.

Проректорға қатысты жағдай не болды?

Бұған дейін Qumash.kz Satbayev University проректоры Ержан Күлдеевке қатысты жағдай туралы жазған. Ол 7 қыркүйекте ұсталған болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, әңгіме сыбайлас жемқорлық күдігіне байланысты қылмыстық іс туралы болуы ықтимал.

Алайда сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті редакцияға Күлдеевке қатысты іске байланысты ақпарат жоқ екенін хабарлаған. Ғылым және жоғары білім министрлігі де университет қызметкерлеріне қатысты тергеу туралы ҰҚК мен басқа да құқық қорғау органдарынан ресми мәлімет алмағанын мәлімдеген.

Министрлік Satbayev University штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын, ал университетті қаржыландыру жоспарға сәйкес жүзеге асырылатынын атап өткен. Ведомствоның мәліметінше, оқу орнын жедел және ағымдағы қаржылық-шаруашылық басқару оның басқарма құзыретіне жатады.

Жалақының кешігуіне кім жауапты?

Qumash.kz тілшілері осы сұрақтарға жауап алу үшін Satbayev University әкімшілігі мен бірқатар мемлекеттік органға ресми сауал жолдады.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу

әрі қарай оқыңыз

Жаңалықтар →
келесі материалды жүктеудеміз