"Бәрі базаның істемей тұрғанын айтады"
Qumash.kz редакциясына шамамен екі айдан бері көлігіне міндетті сақтандыру полисін рәсімдей алмай жүрген қазақстандық азамат хабарласты. Оның айтуынша, ол бірнеше сақтандыру компаниясына жүгінгенімен, барлығында бірдей мәселеге тап болған.
"Бірде-бір сақтандыру компаниясында көлікке сақтандыру рәсімдеу мүмкін болмай тұр. Мұндай жағдайға тап болғаныма екі айға жуықтады. Бәрі тоқтап қалғандай, барлығы базаның істемей тұрғанын айтады. Сақтандырусыз қалай жүруге болады?" – деп жазды оқырман.
Сақтандыру компанияларының қызметкерлері полис рәсімдеудің мүмкін еместігін деректер базасындағы техникалық ақаулармен түсіндірген.
ІІМ мен Цифрлық даму министрлігі не деп жауап берді?
Qumash.kz редакциясы түсініктеме алу үшін Ішкі істер министрлігіне жүгінді. Министрлікте ведомство қажетті қызметтерді ақпараттық жүйелер арқылы алатынын және бұл мәселе тікелей министрліктің құзыретіне жатпайтынын хабарлады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде редакцияға ведомство eGov ақпараттық жүйесіне жауапты екенін, алайда сақтандыру саласымен айналыспайтынын түсіндірді.
Ал "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ әзірге Qumash.kz тілшісіне жауап берген жоқ.
Редакция сақтандыру полистерін рәсімдеу кезінде туындаған қиындықтарға нақты қай жүйе немесе деректер базасы себеп болғанын, оның жұмысына кім жауапты екенін және ақаудың қашан жойылатынын әзірге анықтай алмады.
Көлік сақтандыруын рәсімдеу мәселесі бұған дейін де көтерілген
Міндетті автосақтандыру полисін рәсімдей алмау туралы шағымдар бұған дейін де тиісті органдарға түскен. Мәселен, қазақстандық азамат осындай мәселемен уәкілетті органға жүгінген.
2026 жылғы 6 қазанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті бірнеше сақтандыру компаниясында көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру қызметі ұзақ уақыт қолжетімсіз болғаны туралы өтінішке жауап берген.
Өтініште техникалық ақаулардың себептері, ақпараттық жүйелердің жұмысына кім жауапты екені және полис рәсімдеу мүмкіндігі қашан қалпына келтірілетіні туралы сұрақтар қойылған. Сондай-ақ өтініш иесі компаниялар техникалық себептерге байланысты сақтандыру шартын жасай алмаса, жүргізушілер өз міндетін қалай орындауы керектігін сұраған.
Агенттік сақтандыру ұйымдарына тиісті сауалдар жолдағанын хабарлады.
Сонымен қатар ведомство сақтандырушының міндетті сақтандыру шартын жасасудан бас тартуға құқығы жоқ екенін еске салған. Егер компанияның интернет-ресурсы техникалық ақауларға байланысты қолжетімсіз болса, азамат өтінішпен тікелей оның кеңсесіне жүгіне алады.
Бұдан бөлек, сақтандыру ұйымдары ОГПО шарттарын өздерінің интернет-ресурстары арқылы тәулік бойы рәсімдеу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Егер сервис жұмыс істемесе, реттеуші ақаудың скриншотын немесе бейнежазбасын жасап, дәлелдермен бірге өтініш жолдауды ұсынады. Міндетті сақтандыру шартын негізсіз жасасудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Сол жауапта Агенттік жекелеген сақтандыру ұйымдарына қатысты қадағалау шаралары қолданылғанын да мәлімдеген. Алайда бұл шаралар қазіргі шағымдарға себеп болған компанияларға қатысты дегенді білдірмейді.
Сақтандыру рәсімдеу мүмкін болмаса, көлікті сақтандырусыз жүргізуге бола ма?
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (ОГПО) әрбір автокөлік иесіне қажет. Бұл полис көлікті пайдалану кезінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген залалды өтеуге арналған.
Электрондық үкімет порталында қолданыстағы міндетті сақтандыру шарты болмаса, көлікті пайдалануға жол берілмейтіні көрсетілген. Полис электрондық форматта рәсімделеді, ал оның бар-жоғы ақпараттық жүйелер арқылы тексеріледі.
Осылайша, қарама-қайшылық туындап отыр: жүргізуші сақтандыру полисін иеленуге міндетті, бірақ техникалық ақауларға байланысты оны онлайн рәсімдей алмауы мүмкін.
Реттеуші мұндай жағдайда сақтандыру компаниясының кеңсесіне жүгінуді ұсынады. Алайда мәселе белгілі бір компанияның сайтында емес, полис рәсімдеуге қажетті ортақ ақпараттық инфрақұрылымда болса, бұл тәсіл қаншалықты көмектесетіні әзірге белгісіз.
Qumash.kz редакциясы полистерді рәсімдеуге нақты қай деректер базасы немесе ақпараттық жүйе кедергі келтіріп жатқанын, оның техникалық жұмысына кім жауапты екенін және міндетті сақтандыруды рәсімдей алмай жүрген көлік иелерінің саны қанша екенін анықтауды жалғастырады.
