$ € ₽
КМГ, Казмунайгаз, нефть, акции
жаңалықтар

"ҚазМұнайГаз" мұнай бағасының өсуінен қанша табыс тапқанын ашпады

Мұнай бағасының өсуі "ҚазМұнайГаз" компаниясының кірісін арттыруға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Qumash.kz
Фото ҚМГ

Алайда компания қосымша қанша пайда тапқанын жариялаудан бас тартты.

Логистер мұнайшылардан кем табыс тауып жатқан жоқ

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, одан әлемдік мұнай бағасының өсуі нәтижесінде компания қанша табыс тапқаны сұралды.

Жауап ретінде ол шикізат құнының қымбаттауы "ҚазМұнайГаздың" қаржылық көрсеткіштеріне оң әсер ететінін растады. Алайда оның айтуынша, мұнай тасымалдау шығындары да, соның ішінде теңіз арқылы жеткізу құны да өскен. Хасенов мұнай бағасының көтерілуі компанияның таза табысы дәл сондай мөлшерде автоматты түрде артады дегенді білдірмейтінін атап өтті.

"Әрине, мұнай бағасы көмектеседі, біз мұны жоққа шығармаймыз. Бірақ ең қызығы, бүгінде фрахт құны да өсті. Яғни мұнай қымбаттады, алайда оны жеткізу керек. Бұл – теңіз тасымалы, ал фрахт бағасы көтерілді", – деді "ҚазМұнайГаз" басшысы.

Ол тасымалдау құнының өсуі аясында логистикалық компаниялардың да айтарлықтай пайда тауып жатқанын айтты.

"Бүгінде логистер өте жақсы табыс тауып отыр, "ҚазМұнайГаздан" кем емес. Біз осы шығындардың барлығын шегереміз. Яғни мұнайды сатқан кезде барлық шығынды алып тастап, кен орындарымыздағы нетбэк көрсеткішін есептейміз", – деп түсіндірді Хасенов.

Нетбэк – мұнайды кен орнында сатқан кезде тасымалдау, фрахт, баж салығы және маркетинг шығындары шегерілгеннен кейін қалатын таза өткізу құны.

Коммерциялық құпия

Журналистер мұнай бағасының өсуі есебінен "ҚазМұнайГаз" нақты қанша қосымша табыс тапқанын сұрады. Алайда Асхат Хасенов бұл сұраққа жауап беруден бас тартты. Ұлттық компания басшысы мұндай мәліметті корпоративтік ақпарат деп атады.

"Бұл – корпоративтік ақпарат. Біз жария компаниямыз, сондықтан ресми есептерімізді күтуіңіз керек. Сол есептерде барлық ақпаратты ұсынамыз", – деді ол.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу

әрі қарай оқыңыз

Жаңалықтар →
келесі материалды жүктеудеміз