$ € ₽
Алматыда аялдама әйнегі жолаушы әйелдің үстіне құлады
жаңалықтар

Алматыда аялдама әйнегі жолаушы әйелдің үстіне құлады

Оқиға туралы қала тұрғыны әлеуметтік желіде жазды. Жағдай күндіз мегаполистің орталығындағы Мақатаев көшесіндегі аялдамада болған.
Фото threads/aiym.av

Әйелдің айтуынша, ол автобус күтіп, аялдама кешенінің ішіндегі орындықта отырған кезде үстіне әйнек құлаған.

"Кенеттен аялдаманың әйнегі үстіме құлады! Абырой болғанда, үстімде күртеше болды. Бұл жағдайға кім жауап береді? Аялдамадағы әйнектерді дұрыстап бекітуге болмай ма? Өйткені бұл – адамдар көп жиналатын орын. Оның орнында кішкентай бала болуы да мүмкін еді", – деп жазды жолаушы.

Ол жазбасына оқиға орнында түсірілген фотосуреттерді де тіркеген.

Әкімдік не деп жауап берді?

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі тұрғыннан кешірім сұрап, жағдайға байланысты өкініш білдірді. Сондай-ақ мәселені бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.

"Мұндай жағдайға тап болғаныңыз үшін шын жүректен кешірім сұраймыз және өкініш білдіреміз. Мамандар оқиға орнын тексеріп шықты. Аялдамаға жеке компания қызмет көрсетеді. Онда сынған кезде терең жарақаттардың алдын алу үшін ұсақ бөлшектерге шашырайтын берік шыңдалған әйнек орнатылған", – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік өкілдері әйнектерге жиі механикалық соққы жасалуынан және вандализм салдарынан көзге көрінбейтін микрожарықтар пайда болуы мүмкін екенін атап өтті. Уақыт өте келе мұндай зақымдар әйнектің кенеттен сынуына әкелуі ықтимал.

"Қазір оқиғаның нақты мән-жайын анықтап жатырмыз. Бейнебақылау камераларын қарап, әйнектің бекітпелерін тексеріп, оған мердігердің кінәсі бар-жоғын немесе сыртқы әсер болғанын анықтаймыз. Мәселе қатаң бақылауда", – деп мәлімдеді әкімдік.

Кейін мамандар RTS компания-инвесторының ақпараты бойынша аялдама павильонының зақымданған әйнегі ертеңге дейін ауыстырылатынын нақтылады. Сонымен қатар оқиға орнында әйнектің зақымдануына себеп болуы мүмкін жағдайлар да тексеріледі.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу

әрі қарай оқыңыз

Жаңалықтар →
келесі материалды жүктеудеміз