Дәрігерлердің көмегінен кейін жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.
Алғашқы екі тәулік дәрігерлер баланың өмірі үшін күресті
Алматыдағы № 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері сегізінші қабаттағы кіреберіс терезесінен құлап кеткен 13 жастағы жасөспірімнің өмірін сақтап қалды. Бала асфальтқа құлап, бірнеше ауыр жарақат алған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем бригадасы жасөспірімді ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізген. Дәрігерлер оның жабық бас-ми жарақатын, миының соғылуын, қол-аяғының көптеген сынуын, кеуде қуысы мен құрсақ қуысы ағзаларының зақымдануын анықтады. Сонымен қатар балада жарақаттық шок болған.
Ол бірден реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Жарақаттардың ауқымын анықтау үшін дәрігерлер бүкіл денесін компьютерлік томографиядан өткізіп, кешенді тексеру жүргізді.
"Ауруханаға түскен кезде баланың жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Бірден шокқа қарсы шаралар мен гемодинамиканы тұрақтандыруға, ағзаның өмірлік маңызды функцияларын қолдауға бағытталған қарқынды терапия басталды. Алғашқы екі тәулікте реаниматологтардың негізгі міндеті науқастың жағдайын тұрақтандыру болды", – деді № 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы реанимация бөлімінің меңгерушісі Медетәлі Мақұлбеков.
Жасөспірімге төрт ота жасалды
Баланың жағдайы тұрақтанғаннан кейін дәрігерлер оған ота жасады. Операциядан кейінгі кезең елеулі асқынусыз өтті. Үшінші тәулікте науқас реанимация бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылды.
Емдеу жұмыстарына травматологтар мен реаниматологтар қатысты. Медициналық топ барлығы төрт ота жасады. Операцияларға хирург Әділжан Нұров, анестезиолог Медетәлі Мақұлбеков, сондай-ақ ассистенттер Абзал Әбдіқасым мен Болат Ермекұлы қатысты.
"Сегізінші қабаттан құлау – аса ауыр жарақат. Баланың аман қалғанының өзі нағыз ғажайып деуге болады. Біздің команда қажетті медициналық көмекті көрсетуге бірден кірісті. Алған жарақаттарының сипаты мен ауырлығын ескере отырып, төрт ота жасау туралы шешім қабылданды. Барлық қажетті операция сәтті өтті", – деді аурухана директорының орынбасары Құрметбек Тоқтар.
Жасөспірім ауруханадан шығарылды
Қазір баланың жағдайы жақсарған. Ол стационардан үйіне шығарылды. Ендігі емдеу шаралары емхана мамандарының бақылауымен жалғасады.
Желтоқсан айында жасөспірім оңалту курсынан өтеді. Дәрігерлер оның сауығу барысын бақылауды жалғастырады.
