$ € ₽
бензин, ВКО
жаңалықтар

Қазақстандағы көліктердің 80 пайызы бензинмен жүреді

Елде 6,1 млн-нан астам көлік тіркелген. Ал электромобильдердің үлесі жалпы автопарктің небәрі 0,7 пайызын құрайды. Оның жартысынан астамы Алматы қаласында шоғырланған.
Фото: pixabay

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.

Тіркелген көліктердің басым бөлігі жеңіл автомобильдер. Олардың үлесі жалпы автопарктің 83,9 пайызына тең.

"Жанармай түрлері бойынша бөлініс мынадай: тіркелген көліктердің 79,9 пайызы бензинмен, 7,5 пайызы дизель отынымен, тағы 6,5 пайызы аралас отынмен жүреді. Газбаллонды отынмен жүретін көліктердің үлесі 0,4 пайызды құрайды", – делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар Қазақстанда электр қуатымен жүретін 43 056 көлік бар. Бұл тіркелген көліктердің жалпы санының 0,7 пайызына тең.

Электромобильдер ең көп тіркелген қала – Алматы. Мұнда 22 065 электр көлігі бар. Бұл елдегі электромобильдердің жартысынан астамын құрайды. Екінші орында 3 662 электромобилі бар Астана тұр. Одан кейін Алматы облысында – 3 120, Ақмола облысында 1 805 электромобиль тіркелген.

2026 жылдың қазан айында Қазақстанда 172,2 мың көлік есепке қойылған. Оның ішінде 153,8 мыңы – жеңіл автомобиль, 9,9 мыңы – жүк көлігі, 1,3 мыңы – автобус. Сондай-ақ 4,6 мың тіркеме, 800 мотоцикл және көліктің өзге де 1,8 мың түрі тіркелген.

Бұған дейін Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы мегаполис атмосферасына таралатын ластаушы заттардың жылдық көлемінің шамамен 60 пайызы автокөліктерге тиесілі екенін хабарлаған. Бұл жылына шамамен 113 мың тонна зиянды зат.

Сонымен қатар елде электр көліктеріне арналған инфрақұрылым да біртіндеп кеңейіп келеді. Қазақстанның негізгі автомобиль жолдарының бойында 62 электр қуаттау станциясы жұмыс істейді. 2026 жылдың соңына дейін тағы 27 станция орнату жоспарланған.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.
Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу

әрі қарай оқыңыз

Жаңалықтар →
келесі материалды жүктеудеміз