Елден уақытша шығуға шектеу жеке кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын тұлғаларға, сондай-ақ заңды тұлғалардың бірінші басшылары мен олардың орынбасарларына қатысты қолданылуы мүмкін.
"Егер салық берешегі 27 000 АЕК-тен (116 775 000 теңге) асып, қарыз пайда болған күннен бастап үш айдан астам уақыт өтсе де өтелмесе, шектеу қойылуы мүмкін. Ол үшін соттың санкциясын алу қажет", – делінген жарияланған құжатта.
2026 жылдан бастап салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібі қарыздың мөлшеріне байланысты болады.
- Егер берешек 20 АЕК-тен аз болса, салық төлеушіге қарыз туралы хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі.
- Қарыз 20-дан 45 АЕК-ке дейін болса, салық органдары оны өтеу туралы хабарлама жібереді. Сонымен қатар банктік шоттар мен кассадағы шығыс операциялары тоқтатылып, инкассалық өкімдер қойылуы мүмкін.
- Ал берешек 45 АЕК-тен асқан жағдайда заңда көзделген өндіріп алу шаралары қолданылады. Олардың қатарында мүлікті тізімдеу және сату, сондай-ақ салық төлеушінің дебиторлары есебінен қарызды өндіріп алу бар.
Осылайша, елден уақытша шығуға шектеу тек едәуір ірі салық берешегі болғанда және заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда ғана қолданылады.
Бұған дейін Қазақстанда сыйлық алатын мемлекеттік қызметшілерге қатысты ережелер өзгерген еді. Енді мемлекеттік ұйымдар ресми іс-шараларда шенеуніктерге табысталған сыйлықтарды өз балансына тегін қабылдай алады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметші сыйлықты бағалау құны бойынша сатып ала алады. Егер оны сатып алудан бас тартса, зат сатылымға шығарылады.
