112 пультіне елорданың Нұра ауданындағы Тұран даңғылында орналасқан нысанда өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жеткен.
ТЖМ мәліметінше, жеке тұрған екі қабатты дәмхананың төбе жабындысы мен мангал аймағының үстіндегі ауа сорғыш жүйесі өртенген.
Өрт 15 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы қонақүйлердің бірінде ірі өрт шыққан болатын. Тұрғындар көпқабатты үйлердің үстінен көтерілген қою түтінді видеоға түсіріп алған.
