Карина Шарипова арнайы экожоба әзірлеп, мультфильм түсірген, макет жасап, табиғатты қорғауға арналған кеңестері бар буклеттер шығарған.
Карина үшін Каспий – оқулықтағы жай ғана тақырып емес. Ол теңіз жағасында дүниеге келіп, қазір де соның маңында тұрады. Сондықтан теңізде болып жатқан өзгерістерге бейжай қарай алмайды. Қыз бала табиғат пен жануарларға бала кезінен қызығады. Ол Umit Mangistau қорының еріктілеріне көмектесіп, Қызыл кітапқа енген құстарды құтқару акцияларына қатысады. Сондай-ақ құстарды табиғи ортаға қайта жіберу шаралары кезінде Қаракөл көліне барып тұрады.
Мектептегі зерттеу жұмысының тақырыбын Карина өзі таңдаған. Ол "Каспий теңізінің экологиялық мәселелері" тақырыбын зерттеуге кіріскен. Оны әсіресе судың ластануы, жағалаудағы пластик қалдықтары, жануарлар түрлерінің азаюы және итбалықтардың қырылуы алаңдатады.
"Мен итбалықтар мен құстардың басынан не өтіп жатқанын біліп, мұның неліктен болатынын және оларға қалай көмектесе алатынымызды түсінгім келді. Осылайша менің жұмысым дүниеге келді", – дейді Карина.
Ол бір ғана баяндама жасаумен шектелмеген. Қыз бала жобамен бір жылдан астам уақыт айналысқан. Осы кезеңде теңізге төнетін қауіптер туралы оқып, оның мекендеушілерін және адам әрекетінің оларға қалай әсер ететінін зерттеген. Зерттеу нәтижесінде шығармашылық жоба әзірлеген.
Жобаның басты бөлігі – өзі түсірген мультфильм. Каринаның пікірінше, анимация күрделі мәселелерді ұзақ баяндамаға қарағанда қарапайым әрі түсінікті жеткізеді. Оның үстіне мультфильм балалардың да, ересектердің де назарын аударуға мүмкіндік береді.
"Адамдар өз әрекеттерінің салдары туралы ойланбаған кезде табиғатта не болатынын көрсеткім келді", – дейді ол.
Мультфильмнен бөлек, оқушы теңізге және оның мекендеушілеріне адамның қалай зиян келтіретінін көрсететін арнайы макет жасаған. Сонымен қатар табиғатты қорғауға арналған қарапайым кеңестері бар шағын бүктемелі буклеттер шығарған. Онда жағалауға қоқыс тастамау, қалдықтарды суға төкпеу, жағалауды тазалау акцияларына қатысу, құстар мен жануарларды үркітпеу және олардың мекендеу орындарын бұзбау сияқты ұсыныстар берілген.
"Табиғатқа көмектесу үшін міндетті түрде ғалым болудың қажеті жоқ. Барлығын қарапайым әрекеттерден бастауға болады. Тіпті кішкентай істің өзі үлкен маңызға ие", – деп есептейді Карина.
Ол жобасын мектеп қабырғасынан тыс жерлерде де таныстырып үлгерген. Атап айтқанда, "XXI ғасыр көшбасшылары" форумының онлайн-кездесуіне қатысып, табиғатты қорғауға қатысты өз идеяларымен бөліскен.
Карина Марабаев атындағы № 7 мектеп-лицейде оқиды. Оның ғылыми жетекшісі – Рамела Франсовна Макарова. Ал жобаны әзірлеу кезінде анасы да көмектескен. Қыздың айтуынша, көптеген идеялар мен шешімдерді өзі ойлап тапқан.
Карина мұнымен тоқтап қалуды жоспарлап отырған жоқ. Ол мультфильмді мүмкіндігінше көп адамның көргенін қалайды. Сонымен қатар еріктілік қызметін жалғастырып, экологиялық акцияларға қатысып, жануарларға қамқорлық жасауды көздейді.
"Мен Каспийдің әрдайым таза болғанын, онда итбалықтардың өмір сүріп, аспанда құстардың ұшып жүргенін армандаймын. Табиғатты қорғауға әркімнің шамасы жетеді. Ол үшін есейгенше күтудің қажеті жоқ. Бүгіннен бастап-ақ әрекет етуге болады!" – дейді мектеп оқушысы.
Каринаның алғашқы нәтижелері де бар. 4 қарашада ол "Экология және психология" секциясы бойынша қалалық зерттеу жұмыстары байқауына қатысқан. Анасының айтуынша, бұл секцияда бәсекелестік жоғары болған: өз жобаларын барлығы 30 қатысушы таныстырған.
Контекст
Қыз баланың алаңдаушылығы негізсіз емес. Соңғы төрт жылда Маңғыстау облысында 3 433 итбалық қырылған. Ал 2025 жылдың күзінде мамандар тағы 183 итбалықтың өлексесін тапқан. 2026 жылғы сәуірде Түпқараған ауданының жағалауынан қатты шіріген күйде жатқан 191 итбалықтың өлексесі анықталған.
Гидробиология және экология институтының ғалымдары жануарлардың жаппай қырылуына бірнеше фактор себеп болуы мүмкін деп есептейді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі созылмалы токсикозды, етқоректілер обасын, жіті пневмонияны және теңіз түбінен бөлінетін табиғи газдың таралуын ықтимал себептер ретінде атаған.
Министрлік өкілдері соңғы жүз жылда Каспий итбалықтарының саны 90%-ға азайғанын да еске салады. Бұл – Қазақстандағы жалғыз теңіз сүтқоректісі әрі әлемнің басқа ешбір жерінде кездеспейтін жануар. Каспий итбалығы 2020 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
