Қызды басынан бар күшімен ұрған: Қазақстанда жаттықтырушы жарыстардан шеттетілді

Тренер ударил спортсменку
Фото Qumash, ЖИ
Павлодарда өткен волейбол матчы кезінде жаттықтырушы 2012–2013 жылы туған спортшылардан құралған команданың қызын басынан ұрған. Бұл туралы Qumash.kz хабарлайды.

Басына ұрып, қайтадан алаңға жіберген

Павлодарда өткен ойынның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Жазба жанкүйерлер отырған трибунадан түсірілген. Кадрлардан тоғызыншы нөмірмен ойнайтын, артқы шепті қорғайтын либероның ойын барысында бір сәтке абдырап қалғанын көруге болады. Ер адам қызға бірдеңе айтып, артынша оның басынан бар күшімен ұрып, қайтадан алаңға жібереді.

Әңгіме 2012–2013 жылы туған жас спортшылар туралы болып отыр.

Волейбол федерациясы не деді?

Қазақстанның Ұлттық волейбол федерациясы (ҚҰВФ) Qumash.kz редакциясына ресми мәлімдеме ұсынды. Федерацияның мәліметінше, спортшыға күш қолданған – Шымкент волейбол академиясының жаттықтырушысы Хамит Мырзабеков.

"ҚҰВФ спорттағы зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісін қатаң айыптайды. Мұндай әрекеттер спорттық этика, спортшыларға құрмет көрсету және жарысқа қатысушылардың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттарына қайшы", – деп мәлімдеді федерация.

Оқиғаны қарастырған тәртіптік комитет бірнеше шешім қабылдады. Хамит Мырзабеков екі жылға дисквалификацияланды. Осы кезеңде оған жаттықтырушылық және педагогикалық қызметпен айналысуға, сондай-ақ федерацияның қамқорлығымен өтетін жарыстарға кез келген мәртебеде қатысуға тыйым салынды.

Оқиғаға қатысты жауапкершілік тек жаттықтырушыға жүктелген жоқ. Турнир ұйымдастырушысы – MYQTYLARORTASY жеке волейбол лигасына жарысты өткізу тәртібін тиісті деңгейде қадағаламағаны үшін сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Шымкент волейбол академиясы да сөгіс алды.

Сонымен қатар федерация MYQTYLARORTASY ұйымының өз құрылымына кірмейтінін, ал жарыстың ҚҰВФ-ның ұйымдастыру жүйесінен тыс өткенін арнайы атап өтті.

"Федерация зардап шеккен спортшы мен оның отбасына қолдау көрсетіп жатыр", – деп хабарлады ұйым.

Бұдан бөлек, ҚҰВФ клуб жаттықтырушылары мен өңірлік федерация өкілдеріне міндетті семинарлар өткізуді жоспарлап отыр. Онда спорттық этика, зорлық-зомбылықтың алдын алу және спортшылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланады.

Федерация спорттағы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу саясатын ұстанатынын атап өтті.

Жаттықтырушы жауапқа тартыла ма?

Qumash.kz редакциясы Павлодар қаласының полиция департаментіне де хабарласып, жаттықтырушының осы оқиғаға байланысты жауапқа тартылатыны-тартылмайтынын сұрады. Материал жарияланған сәтте полицияның жауабы алынған жоқ.

Спорт федерациясының дисквалификациясы жаттықтырушының автоматты түрде әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білдірмейді. Ол үшін құқық қорғау органдары болған оқиғаға құқықтық баға беруі керек.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.

Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz

Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу
мұны да оқыңыз

Мәтінді енгізіп, Enter басыңыз немесе іздеуден бас тарту үшін Esc басыңыз