15 шаршы метр: Астана мен Алматыда кімдер тіркеуге тұра алмауы мүмкін?

Отказ в прописке в Астане
Фото Qumash, ЖИ
Астана мен Алматыдағы жаңа талап қалада тіркелу мүмкіндігін шектеуі мүмкін. Qumash.kz мән-жайды анықтады.

Астанада ондаған жыл тұрса да, бәрін тіркеуге болмайды

Наталья (есімдер өзгертілген) елордада 40 жылдан астам уақыт тұрады. Ол Целиноград кезеңін көріп, елдегі өзгерістерді бастан өткерген, әр жылдары бөлмелер мен пәтерлерді жалға алған. Бірнеше жыл бұрын ғана өз баспанасын сатып алған. Алайда Наталья, оның жиені Лилия және қыздың құрбысы Антонина бірге тұра бастағанда, үшеуін бірдей тіркеуге қою мүмкін емес екені анықталған.

Қыркүйекте Алматы мен Астана мәслихаттары жаңа ережелер қабылдады. Енді бұл екі қалада үй иесі өз баспанасына адамды тек әр тұрғынға 15 шаршы метр бос алаң болған жағдайда ғана тіркей алады.

Алматыда пәтердің жалпы ауданы есепке алынса, Астанада тек пайдалы алаңы есептеледі. Яғни жалпы ауданнан балкондар, лоджиялар мен террасалар алынып тасталады.

Натальяның жағдайына оралсақ, пәтерінің пайдалы ауданы 30 шаршы метрге де жетпейді. Демек, онда тек өзі ғана тіркеуге тұра алады. Дегенмен үй иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына, сондай-ақ кейбір басқа санаттағы адамдарға ерекшеліктер қарастырылған.

Наталья жиенін тіркей алады, бірақ оның құрбысы тіркеусіз қалуы мүмкін. Антонина Қостанайдан колледжге оқуға келген. Қазір екі қыз да студент болғандықтан, студенттік емханаға тіркелген. Бірақ оқу бітіргеннен кейін не болады?

Тіркеусіз Антонина емханаға тіркелуде қиындықтарға тап болуы мүмкін. Кейін ана атанса, баласын үйінің маңындағы балабақшаға немесе мектепке орналастыру да қиындайды. Оның үстіне, құрбысының тәтесінің пәтерінде тұруы заңсыз деп танылуы мүмкін.

Бұл – жалғыз оқиға емес. Астана мен Алматыға жыл сайын студенттер, мамандар, жұмыс іздеп немесе үлкен қалада өмірін реттеуге тырысатын адамдар келеді. Олардың көбі жеке пәтер сатып алуға мүмкіндігі болмағандықтан, баспананы жалға алады. Енді үй иесінің келісімі де тіркеуге тұруға әрдайым жеткіліксіз.

Осылайша, парадокс туындайды: адам пәтер жалдап, елордада жұмыс істейді немесе оқиды, мегаполис экономикасына үлес қосады, қалалық қызметтерді пайдаланады және қоғамдық өмірге араласады. Бірақ пәтерінің ауданына байланысты тіркеуге тұру мүмкіндігі шектелуі мүмкін.

Бар мәселе "резеңке пәтерлерде" ме?

Астана мен Алматы әкімдіктері Qumash.kz-тің ресми сауалдарына берген жауаптарында жаңа талап тіркеу есебін ретке келтіру үшін енгізілгенін түсіндірді. Шенеуніктердің пікірінше, шектеу адамдардың іс жүзінде тұрмайтын мекенжайларға жаппай тіркелуіне кедергі келтіріп, мектептерге, емханаларға және коммуналдық инфрақұрылымға түсетін жүктемені дәлірек есептеуге көмектесуі керек.

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бұл норматив заңнамада көзделген өкілеттіктер шеңберінде қабылданғанын мәлімдеді. Мәслихат шешіміне "Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы" Конституциялық заң мен санитариялық қағидалар негіз болған.

Алматы билігі де жалған тіркеу мәселесін көтерді. Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері қалада "резеңке пәтерлердің" белгілері бар 80-нен астам мекенжай анықталған.

"Аудан бойынша шектеу тіркеуге арналған қосымша объективті өлшем ретінде белгіленді. Ол нақты тұру фактісін тексеруді және уәкілетті органдардың өзге бақылау шараларын алмастырмайды", – деп түсіндірді Алматының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.

Алайда адам пәтерде шынымен тұрып жатса, оның тіркелуіне неге баспананың ауданы шешуші шарт болуы керек деген сұрақ туындайды.

Пәтердің жеткілікті ауданы онда тіркелген адамдардың шынымен сол мекенжайда тұратынын өздігінен дәлелдемейді. Керісінше, бір адамға 15 шаршы метрден аз аумақ тиесілі болуы оның жалған тіркелгенін білдірмейді.

Алматы басқармасы белгіленген аудан нормасы сақталмаса және адам заңда көзделген ерекшеліктерге жатпаса, оны нақты мекенжай бойынша тіркеу мүмкін болмайтынын мойындады.

Сонымен қатар шенеуніктер тіркеуге қойылған шектеу медициналық қызмет алудан немесе баланы балабақшаға орналастырудан автоматты түрде бас тартуды білдірмейтінін атап өтті. Бұл мәселелер бөлек нормалармен реттеледі, оларды денсаулық сақтау және білім беру саласындағы уәкілетті органдар шешуі керек.

Алайда нақты тұратын жері бойынша тіркеуге тұра алмайтын адам үшін мұндай түсіндірме барлық мәселені шеше алмайды. Егер белгілі бір қызметті алу үшін тіркеу қажет болса, азамат тиісті мекенжай бойынша тіркеусіз өз құқығын қалай пайдалана алатынын бөлек анықтауға мәжбүр болады.

Проблемы с пропиской
Фото Qumash, ЖИ

Әділет министрлігі мәселе көрмеген

Qumash.kz Әділет министрлігіне сауал жолдап, оның ішінде жеке тұрғын үйге тіркелу үшін 15 шаршы метр нормасын қолданудың заңдылығы туралы сұрады.

Мұнда маңызды құқықтық жайт бар. Астана мен Алматы мәслихаттарының қаулылары әзірленген "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 75-бабы мемлекеттік тұрғын үй қорынан әлеуметтік тұрғын үй беру кезіндегі аудан нормаларын белгілейді.

Яғни бұл бап мемлекет тұрғын үйге мұқтаж азаматқа мемлекеттік қордан қанша тұрғын алаң беруі керегін айқындайды. Норма бойынша, бір адамға 15–18 шаршы метр пайдалы алаң қарастырылған. Осылайша, мемлекет кезекте тұрған азаматтарға оңтайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз етуге тиіс.

Бірақ мұның жеке пәтер иелеріне қандай қатысы бар? Егер адамның тек шағын бір бөлмелі пәтер сатып алуға шамасы жетсе, мемлекет ол тіркегісі келген адамға қосымша шаршы метр бермейді ғой.

Аталған заңда жеке пәтерлерге азаматтарды тіркеуге қатысты жалпыға ортақ тікелей талап жоқ. Мұндай шектеу немесе ереже заңдардың ешқайсысында бекітілмеген, тек мәслихат қаулыларында бар.

Әділет министрлігі жауабында Астана мен Алматыда тіркеу нормативтерін бекіту тиісті мәслихаттардың құзыретіне жататынын мәлімдеді. Министрліктің бағалауынша, шешім қабылдау рәсімі де сақталған: жобалар "Ашық НҚА" порталына орналастырылып, қабылданған құжаттар нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде жарияланған.

"Нормативтік құқықтық актінің заңнамаға сәйкес келмейтін белгілері анықталған жағдайда, тиісті ден қою шараларын қабылдау мәселесі заңнамада белгіленген тәртіппен, мұндай актілерді қайта қарауды бастауға, оларға дау айтуға немесе күшін жоюға уәкілетті органдардың құзыреті ескеріле отырып қаралады", – делінген Әділет министрлігінің жауабында.

Сонымен бірге министрлік бұл шектеудің азаматтардың конституциялық кепілдіктеріне сәйкестігі туралы нақты қорытынды берген жоқ.

Еске салайық, Конституцияның 39-бабында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге тек конституциялық құрылымды, қоғамдық тәртіпті, құқықтарды, денсаулық пен адамгершілікті қорғау мақсатында заңдар арқылы ғана жол берілетіні жазылған.

Ал бұл жағдайда тұрғын үй иесінің құқығы заңмен емес, мәслихат қаулысымен шектеліп отыр.

Әділет министрлігі мәслихаттардың өкілеттіктеріне сілтеме жасап, мұндай мәселелер бойынша түпкілікті шешімді уәкілетті орган немесе сот қабылдайтынын түсіндірді.

Алайда пәтерде шынымен тұратын адамды баспананың ауданына байланысты тіркеуге шектеу қоюға жеткілікті құқықтық негіз бар ма деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Шешім қабылдау рәсімінің сақталуы мұндай шектеудің мөлшерлестігіне қатысты күмәнді өздігінен жоймайды.

МВД рейд по прописке
Фото Qumash, ЖИ

ІІМ жаппай рейд жүргізбейтінін мәлімдеді

Тағы бір мәселе – Астанада іс жүзінде тұратын, бірақ жаңа нормативке байланысты тіркеле алмайтын адамдардың жағдайы.

Qumash.kz-тің сауалына жауап берген Ішкі істер министрлігі тіркеу ережелерінің бұзылуын анықтау үшін арнайы рейдтер ұйымдастырмайтынын хабарлады.

"Бұл бағытта мақсатты рейдтік іс-шаралар жүргізілмейді. Ішкі істер органдарының қызметкерлері тиісті құқық бұзушылықтарды жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында анықтайды", – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Министрлік заңнамада тіркеусіз тұрғаны үшін де, басқа адамдардың тіркеусіз тұруына жол бергені үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. ІІМ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492 және 493-баптарына сілтеме жасады.

Осылайша, тұйық жағдай қалыптасады: адам тұрғылықты жері бойынша тіркелуге міндетті, бірақ шаршы метрге қойылған шектеуге байланысты мұны істей алмайды. Ал тіркеу ережелерін сақтау міндеті мен заңда көзделген жауапкершілік күшінде қалады.

Мемлекеттік органдардың жауаптарында ерлі-зайыптыларға, жақын туыстарға, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы адамдарға, сондай-ақ белгілі бір шарттарды сақтаған күндізгі бөлім студенттеріне арналған ерекшеліктер көрсетілген. Алайда бұл ерекшеліктер пәтер жалдап тұратындардың, отбасының достары мен алыстау туыстарының бәрінің мәселесін шешпейді.

Билік жаңа талапты жалған тіркеумен күресу және халық санын дәлірек есептеу қажеттілігімен түсіндіреді. Бірақ бұл жүйеде баспананы адал жалдап, көрсетілген мекенжайда шынымен тұратын адам мемлекетке жалған ақпарат бергені үшін емес, пәтерінің ауданы белгіленген нормативке сәйкес келмегені үшін шектеуге тап болуы мүмкін.

Мемлекет студент, жас маман немесе табысы төмен адам үшін еңсерілмейтін талап қоюда. Соның салдарынан іс жүзінде қалада тұратын, бірақ заңды түрде мұны растай алмайтын адамдар мен тіркеуге тұрып, оған байланысты мүмкіндіктерді толық пайдалана алатын тұрғындар арасында айырмашылық пайда болады.

Осылайша, Алматы мен Астана тұрғындары қалада толық құқылы және толық құқылы емес адамдарға бөлініп бара жатқандай.

Бұған дейін Qumash.kz жалға алушыны тіркеу оған пәтерге меншік құқығын бермейтінін, үй иелерінің қандай міндеттері бар екенін түсіндірген. Сондай-ақ материалда тіркеудің болмауының салдары мен ауданға қатысты жаңа шектеулер қарастырылған.

Біздің редакция «Все СМИ» серіктестік желісіне қатысады.

Ресми Telegram-арнаға жазылыңыз: Qumash.kz

Qumash.kz енді Google Жаңалықтарында Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз Жазылу
мұны да оқыңыз

Мәтінді енгізіп, Enter басыңыз немесе іздеуден бас тарту үшін Esc басыңыз